Аса Ұлы Алла сенен кейін балаларың үшін амандықтың екі негізін белгілеп қойған. Біріншісі, Алладан қорқу (тақуа болу), екіншісі, дұрыс, тура сөз айту.
Алла Тағала «Ниса» сүресінің, 9-аятында: «Өздерінен кейін әлсіз ұрпақ қалдырудан қорқатындай (солардың жағдайынан қауіптенгендей) қорықсын. Ендеше Алладан қорықсын және тура сөз айтсын», – дейді.
Омар ибн Абдулазиздің артынан сегіз бала қалған. Ол өлім төсегінде жатқанда адамдар одан:
– Уа, Омар! Балаларыңа не қалдырдың? – деп сұрайды.
Ол:
– Мен оларға Алладан қорқуды қалдырдым. Егер олар ізгі (салиқалы) болса, Алла ізгілердің қамқоршысы. Ал егер ондай болмаса, мен оларға Аллаға қарсы келуде көмектесетін ешнәрсе қалдырмадым, – деп жауап берді.
Омар әрбір баласына тек он екі дирхам (күміс ақша) қалдырды. Ал Халифа Һишам ибн Абдулмәлік болса, әрбір баласына жүз мың динардан (алтын ақша) қалдырған.
Жиырма жылдан кейін Омар ибн Абдулазиздің балалары Алла жолында жорыққа шыққандардың аты жоқтарына ат мінгізіп, садақа беріп, өз мал-мүліктерінен жомарттықпен жұмсап жүрген салиқалы ұрпаққа айналды.
Ал Һишам ибн Абдумәліктің балалары болса Әбу Жағфар әл-Мансурдың заманында Дарус-Сәләм мешітінде Алланың құлдарынан, яғни адамдардан Алланың малынан (садақа) сұрап жүрген еді.
материал «Өзіңді және өзгелерді бақытты ет» кітабынан алынды,
ummet.kz