Ата-анасы дүниеден өткеннен кейін оларға балаларының тарапынан болатын әдептер:
Оларға дұға жасап, ол кісілер үшін Алладан кешірім сұрау;
Өсиет-өтініштерін орындау;
Жора-жолдастарын құрметтеу;
Ата-ана арқылы араласқан туған-туыстармен араны үзбеу.
Адам қайтыс болғаннан кейін де оның артынан барып тұратын амалдардың бірі – салихалы ұрпақтарының жасаған дұғасы.
Ата-ана үшін дұға етіп отыру, достарынан айырылып қалмау сынды парыздары бар. Сол үшін ата-ана баланы екі дүниеде де бақытқа қол жеткізетіндей етіп тәрбиелеуі керек. (Ибраhим): «Раббымыз! Мені және ата-анамды әрі имандыларды Есеп алынатын күні кешіре көр», - деп тіледі («Ибраhим сүресі», 41-аят).
Келесі бір әдептің түрі: қайтыс болған ата-ананың айтқан өсиеті болса, соны орындау. Егер өсиет қалдырса, оған аманат деп қарау керек. Туыстық байланысты үзбе, атымды кірлетпе деп өсиет айтуы мүмкін. Егер «харамнан тыйыл, жаман мінезіңді таста» дейтін болса да оны орындауға міндеттіміз. Әке мен шеше саған дұшпан емес, балаға олардан жақын адам жоқ.
Абдулла ибн Омар (оған Алла разы болсын) жолда Меккеге бара жатып бір бәдәуиді жолықтырады. Ол танысын көрген бойда түйесінен түсіп, жолаушыны түйеге отырғызып, сәлдесін сыйлайды. Нақтырақ айтқанда құрақ ұшып қызмет көрсетеді. Сонда осы көрініске куә болған қасындағы жолаушылар: «Бір танымайтын бәдәуиге соншама құрмет көрсеткеніңіз не, мұндай құрметке лайық па еді?» - дейді. Сонда Абдулла ибн Омар: «Бұл кісінің әкесін менің әкем Омар жақсы көретін. Мен Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Құрметтің үлкені – әкесі дүниеден өткен соң ол жақсы көрген адамдарына құрмет көрсету» дегенін естідім» деген. Міне, ата-ананың жора-жолдастарын құрметтеу дегеніміз осы.
Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Әкесін қабірде жатса да құрметтегісі келген адам бауырларына көркем қарым-қатынас жасасын» - деген. (Ибн Хиббан Абдулла ибн Омардан риуаят еткен).
материал «Отбасы брошюрасы» кітабынан алынды,
ummet.kz