05 Қараша 2026, Бейсенбі 25 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:08
Бесін 12:03
Екінті 14:58
Шам 16:47
Құптан 18:16

Ажырасудың алдын алу: Әртүрлі өсек-аяңдарға тосқауыл қою

Ажырасудың алдын алу: Әртүрлі өсек-аяңдарға тосқауыл қою

Күйеуі мен әйелдің туыстарының немесе әйелі мен күйеудің арасындағы алып-қашпа әңгімелер ерлі-зайыптылардың арасын суытуы мүмкін.


Мұндай өсек-аяңдардың түріне мыналар жатады: әйеліне күйеуі туралы нашар пікірлер айтуы немесе күйеуіне басқа біреудің әйелі туралы теріс нәрселер айтуы, абыройын түсіруі, туған-туыстардың, құрбылардың әйелге күйеуінен қымбат киім, дүние-мүлік, шетелдік жиһаздарды талап етуіне азғыруы, ерлі-зайыптылардың бір-бірін басқа адамдармен салыстырып, кемшіліктерін бетке баса беруі.

Әдепсіз әрекеттермен жабылған жала отбасын ойрандайды. Бұл таныс та, бейтаныс та адамдардың тарапынан болуы мүмкін. Танымайтын адамдардың ұялы телефон, ғаламтор арқылы хабарлар жеткізетініне құлағымыз үйренді. Бір данышпан кісі: «Өсекші сиқыршыдан да жаман. Ол сиқыршының бір айда жасай алмайтынын бір сағатта жасап тастайды» деген екен.

Мұндайда ерлі-зайыптылар өсекшінің тек қана теріс жақтан әсер ететіндігін (мейлі, ол оң ниетпен жасаса да) ескеріп, оларға құлақ аспаулары керек. Әйтпегенде, Алла Тағаланың ашуына ұшырауына әкеліп соқтыруы мүмкін. Себебі, Құранда: «Әрбір көп ант бергішке, жексұрынға бағынба, мін таққышқа, өсек тасығышқа, жақсылыққа кедергі болушыға... бағынба» («Қалам» сүресі, 10-13-аяттар), «Ей, иманға келгендер! Егер сендерге бір бұзық (бойсұнбаушы) қандай да бір хабар әкелсе, білместікпен адамдарды айыптап (тиісіп), істегендеріңе өкініп қалмауларың үшін анықтап алыңдар» («Хужурат» сүресі, 6-аят) деген аяттар бар.

Ал өсекке жақындар және келеке етушілер Алла Тағаланың ашуынан қорқып, өзгеге зиян тигізуден аулақ болғаны жөн. Әлемдердің Раббысы бұл туралы: «Ей, иманға келгендер! Бір топ (бір адамдар) басқа бір топты (адамдарды) келемеж етпесін, (адамдар бір-бірінің үстінен күлмесін), бәлкім, олар бұлардан қайырлы шығар. Сондай-ақ, әйелдер де басқа бірәйелдерді (келемеж етпесін), бәлкім олар да бұлардан қайырлы шығар. Әрі өздеріңді-өздерің кемсітпеңдер және лақап аттармен бір-біріңнің намыстарыңа тимеңдер. Иманға келгеннен кейін бұзық ат тағу өте жаман! Ал кім істеген күнәсіне шынайы өкініп, Аллаға бойсұнуға қайтпаса (тәубеге келмесе), міне, солар – әділетсіздер». («Хужурат» сүресі, 11-аят).

Алла Елшісі де (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Өсекшілер жұмаққа кірмейді» (Бұхари), «Күйеуіне қатысты әйелді алдаған адам бізден емес» (Әбу Дәуіт) деген.

материал «Отбасы брошюрасы» кітабынан алынды,

ummet.kz