Америкалық психолог Диана Баумринд мектеп жасына дейінгі жүзден астам балаға зерттеу жүргізеді. Зерттеу барысында, табиғи бақылау, ата-анасымен кездесу және басқа да тәсілдер қолданады. Нәтижеде ата-аналарды негізгі үш категорияға бөледі. Бұл зерттеуді ары қарай дамыта отырып, Э. Маккоби мен Дж. Мартин аталмыш категорияға тағы бір түрін қосады.
Авторитарлы (өктемшіл) әке:
Бұл – қатал әрі өктем әке. Аталған категориядағы ата-ана балаларына қатаң қағида орнатады. Ережеге бағынбаған бала жазадан қашып құтыла алмайды. Әдетте, осы категориядағы ата-ана өз ережелерінің мән-мағынасын түсіндірмейді. Баласы сұраған жағдайда: «Өйткені мұны мен айттым», – деп жауап береді. Олар баласына тым көп талап қояды. Әрі зәредей де қате жібермеуін күтеді. Алайда балаға қажетті деңгейде бағыт-бағдар бермейді. Мұндай ата-ана өктемшіл келеді. Сондықтан баласының ешбір қарсылықсыз бағынуын талап етеді.
Табанды (беделді) әке:
Бұл категориядағы отағасы да өктемшіл әке сияқты үй ішіне белгілі бір қағида орнатады, әрі балаларға отбасында жүріп-тұру ережелерін бекітеді. Алайда бұл әке мейлінше демократияға жақын. Ол баласымен сөйлеседі, сөзіне құлақ салады. Сондай-ақ, шаңырақ ішінде әкелік жылуды, мейірімділікті, сүйіспеншілік атмосферасын қалыптастыра біледі. Бала үй ішіндегі ережені бұзған жағдайда мұндай әке жазалаудан гөрі балаға қолдау білдіруді және қамқор болуды жөн санайды. Зерттеуші бұл топтағы әкенің әдісі жазалау емес, қолдау екенін атап өткен. Себебі, бұл әке өз баласының ертеңгі күні қоғам ішінде жауапкершілікті сезініп өмір сүруін, әрі табанды болуын мақсат етеді.
Кешірімді (либералды) әке:
Бұл категориядағы әке баласына тым кешірімшіл болады. Баласынан ешбір нәрсе талап етпейді. Баласынан көп дүние күтпейді. Әдетте, олар баласымен дос сияқты мәміледе болады.
Бейтарап (индифферентті) әке:
Бұл категорияны психолог Э. Маккоби мен Дж. Мартин (1917–2018 жж.) қосқан. Бұл категориядағы әке баласымен өте аз қарым-қатынас құруымен ерекшеленеді. Баланың бірінші кезектегі қажеттілігіне немқұрайлы қарайды. Ол – баланың өмірінен қол үзіп, ажырап қалған әке. Бұл әке, баласына баспана мен қорек беруін жеткілікті деп біледі. Ал, балаға бағыт-бағдар беру, ережелермен тәрбиелеу немесе қолдау білдіру жайын ойламайды.
материал «Әке мектебі» кітабынан алынды,
ummet.kz