21 Шілде 2026, Сейсенбі 7 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 02:22
Күн 04:19
Екінті 17:51
Шам 20:22
Құптан 22:19

Әйелдің қадірін түсінген өркениет

Әйелдің қадірін түсінген өркениет

Омар ибн әл-Хаттаб (р.а.) бір күні Шифа бинт Абдулланы базарға мұхтасиба — яғни, тәртіп пен әділдікті қадағалайтын лауазымға тағайындайды. Ол заманда бұл, әйелдің қоғамдағы орнын мойындаған ерекше қадам еді.


Ал дәл сол кезде Еуропадағы шіркеу кеңестерінде қасиетті әкейлер әйел туралы: «Әйел – адам ба, әлде шайтанның рухы билеген жаратылыс па?» – деп дауласып жатты. Ислам әлемінде болса, әйелге сенім мен жауапкершілік беріп, оның ақылын, әділдігін бағаласа, дүниенің екінші тарапында әйелді кінә мен азғындықтың бейнесі деп санады.

Қай дін әйелді сенімге лайық деп таныды?

Қай өркениет оған шешім қабылдау құқығын берді?

Қай жүйе оның жүрегін, ар-намысын, парасатын құрметтеді?

Ислам әйелге тек орын емес, мән мен миссия берді. Ол аналықтың мейірімін, парасаттың сабырын, адамзаттың ұятын арқалап жүр.

Әйел – әлсіз жаратылыс емес, сенім жүктелген аманат. Ол үйдің жылуы ғана емес, қоғамның рухани өзегі. Сондықтан, егер біреу саған «әйелдің қолынан келмейді» десе, Шифа бинт Абдулланы есіңе ал. Ол әділдік орнатқан, ерлердің ортасында иманмен басқарған әйел ретінде тарихта қалды.

Сол секілді көрнекті тұлға Шоқан Уәлихановтың әжесі Айғаным Сарғалдаққызының «хандық дәрежесіне көтерілген тұңғыш қазақ әйелі» ретінде тарихта қалуы бізге үлгі. Оның Сырымбет таулы өлкесін патша үкіметі тұсында өзге ұлттың қолына ұстатпай, өз еліміздің меншігі ретінде сақтап қалған ерен ерлігі ісі бүгінімізге дейін ел аузында.

Дінді ұстану қысымға ұшыраған заманда өз өлкесіне мешіт пен медресе тұрғызып, ұрпақ тәрбиесінің руханиятын көтерудегі әрекеті қазақ әйелінің мықтылығының бір ғана дәлелі. Демек, әйел затының ісі қай заманда болсын әрдайым биік. Ендеше, бүгінгі дамыған мүмкіндіктер көп уақытта өзімізге сылтау айту өз қарым-қабілетімізді бағаламаудың көрінісі ғана.

материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,

ummet.kz