Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай делінеді.
«Бірде маған қолына екі қызын көтеріп бір кедей әйел кірді. Мен оған үш құрма бердім, ал ол болса құрманың екеуін бір-бірден екі қызына берді де, үшінші құрманы өзі жемекші болып аузына апара бергенде, қыздары оған телміріп қарап, тағы тамақ сұрады. Ол болса қолындағы құрманы қыздарына бөліп берді. Мен бұл оқиғаға таңырқап, болған жайды Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқанымда, ол: «Расында, бұл үшін Алла оған жәннатты міндет етті немесе оны тозақтың отынан босатты!» – деді» (Муслим (2630).
Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір адам келіп: «Мен (әбден) тозып біттім!» – деді. Мұны естіген Алла Елшісі оны өз әйелдерінің біріне (оған тамақ берсін деп) жібереді. Бірақ ол әйел: «Сені ақиқатпен Жібергеннің атымен ант етемін, менде судан басқа ешнәрсе жоқ!» – дейді. Сонда оны басқа әйеліне жібергенінде, ол әйелі де дәл сол сөздерді айтады.
Ол оның барлық әйелін аралап шыққанында, олар да сол секілді: «Жоқ, сені ақиқатпен Жібергеннің атымен ант етемін, менде судан басқа ешнәрсе жоқ!» – деген сөзді айтуымен болды. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына адамды түнелмекке кім қабылдайды?» – деп сұрайды. Бір ансарлық сахаба: «Мен, уа, Алланың Елшісі!» – дейді.
Әлгі сахаба оны үйіне алып келіп, әйеліне: «Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонағына құрмет көрсет», – дейді. Хадистің басқа нұсқасында әйеліне: «Сенде бір нәрсе бар ма?» – дейді. Әйелі: «Менің балаларыма беретін астан басқа ешнәрсем жоқ», – дейді. Сонда ансар: «Балаларды бір нәрсемен алдандыра тұр, ал егер олар тамақ жегісі келсе, ұйықтауға жатқыз. Қонақ келген кезде шамды өшіріп, біз де тамақ жеп жатқан секілді болайық», – деді. Содан соң олар өздерінің орындарына отырады да, қонақ тамақ жеп болған соң (өздері) аш жатады. Таң атқан кезде үйдің иесі Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келгенде, ол: «Алла сендердің бүгін түнде қонақтарыңды қалай күткендеріңе риза болды!» – дейді» Бұхари (3798).
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz