Ақырет базары – мешіттер. Алла Тағала: «Сондай ер жігіттер бар, олардың күнкөріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де олардың Алланы ауызға алуына (яғни, Алланы еске алу мақсатында бас қосып, дәріс оқып, насихат тыңдауына), намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды», – деген.
Сондай-ақ бір хадисте: «Ең абзалы, базарға бармай тұрып, күннің алғашқы бөлігін ақыретке арнауы керек», – делінген. Мешітке барып, дұға-зікірлерін жасауы керек. Әзірет Омар (р.а.) саудагерлерге: «Күннің алғашқы бөлігін ақыреттеріңе арнаңдар, сосын қалған бөлігін дүние табуға арнаңдар», – деген.
Алғашқы мұсылмандардың игі-жақсылары күннің алғашқы және соңғы бөлігін ақыретке арнаған. Ал ортасын дүние тіршілігіне, яғни нәпақа табуға жұмсаған. Тіпті ол кезде таңертең кешкөл (бадам қосылған сүтті тағам) мен қойдың басын тек балиғатқа толмаған балалар мен өзге дін өкілдері ғана сатқан. Ал ересек мұсылмандар бұл уақытта мешіттерде отыратын болған.
Бір хадисте: «Періштелер құлдың амалы жазылған парақты Аллаға көтерген кезде, ол күннің алғашқы бөлігі мен соңғы жағын Алланы зікір етумен, жақсы істер істеумен өткізген болса, ортасындағы жаман істерін Алла өшіріп жібереді», – делінген.
Тағы бір хадисте: «Періштелер таң намазы мен екінті намазы уақытында ауысып тұрады. Олар таң және екінті намазының уақытында ауысу үшін жиналады. Алла бәрін біліп тұрса да, олардан: «Сендер кетерде құлдарым не істеп жатыр еді?» – деп сұрайды. Періштелер: «Біз кетерде олар намаз оқып жатқан еді. Қайтып барғанымызда да намаз оқып жатыр екен», – деп жауап береді. Сонда Алла: «Сендер куә болыңдар, мен олардың күнәсін кешірдім», – дейді».
Сосын, күндізгі бесін мен екінті намаздарының азанын естіген кезде барлық тірлігін тастап, уақыт оздырмай, дереу намазға асығу керек. Себебі намаздың басында имаммен бірге алатын алғашқы тәкбірдің сауабын барлық байлық пен дүние тауып бере алмайды. Кейбір ғалымдардың көзқарасы бойынша, намазды жамағатпен оқуды тәрк ету – Аллаға қарсы келу.
Алғашқы ізгілер азан шақырылғанда мешітке асығатын, базарды балалар мен өзге дін өкілдеріне қалдыратын және оларға намаз уақытында дүкендерін қарауылдау үшін ақы төлейтін. Балалар мен өзге дін өкілдері осылай нәпақа табатын.
*«Сондай ер жігіттер бар, олардың күнкөріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де олардың Алланы ауызға алуына (яғни, Алланы еске алу мақсатында бас қосып, дәріс оқып, насихат тыңдауына), намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды»… аятының тәпсірінде: «Олар темір ұсталары мен тігінші адамдар еді. Азан дауысын естігенде олар көтерген балғаларын ұрмай, сұққан бізін суырмай қоя салып, намазға асығатын», – делінген.
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz