Жан саулығын көрсететін белгілердің бірі – адамдағы денсаулықтың да мықтылығы. Жан мен тән – екеуі ажырамас қос егіздер тәрізді. Біреуі назардан тыс қалса, екіншісі ақсай бастайды. Сондықтан рухани бай болуды көздеген адам өзінің денсаулығына да көңіл бөлуі қажет. Бұрынғылардан қалған әдемі бір сөзде «Сау бас – сау денеге жарасады» делінген.
Деннің саулығы адамға көптеген мүмкіндіктердің есігін ашады. Дені сау адам санасын артық мазасыздықтан сақтайды. Бойдағы күш-қайратты, энергияны денсаулығы нашар адамға қарағанда көбірек үнемдейді. Уақытының көбін өзгелердің пайдасына жарата алады. Денсаулығы мықты адамның өзгелерге пайдасы анағұрлым көбірек. Әрине, мұны саналы түрде түсініп, іске асыра білсе. Әйтпесе тепсе темір үзетін небір мықтылардың ішінде, өмірін босқа өткізіп, не өзіне, не өзгеге пайдасын тигізбей жүргендері де жоқ емес. Бұл – адамшылықтың төменгі деңгейі. Сондықтан әр адам өзіне берілген денсаулықтың қадірін біліп, оны сақтауға, жақсартуға, емдеуге және дұрыс жолда қолдануға міндетті.
Ислам көзқарасында денсаулық – Алланың адамға берген аманаты! Аманатқа қиянат жасау – зұлымдық. Сондықтан адам денсаулығына көңіл бөлмеуі себепті, біріншіден, өзіне зиян келтіреді, екіншіден, Алланың табыс еткен аманатына қиянат жасайды. Ислам діні денсаулыққа өте үлкен маңыз беріп, оны адамның бақытқа кенелуінің бірден-бір кепілі ретінде қарастырады. Мәселен, Алла елшісі (с.а.с.) рухани тәрбие мен әлеуметтік тәрбиеге ерекше көңіл бөлгені секілді, адамның дене тәрбиесіне де баса назар аударатын.
Бір хадисінде денсаулық нығметінің байлықтан да қымбат екенін айтып: «Денсаулық – Аллаға иман келтірген құл үшін байлықтан да қымбат. Деннің саулығы – үлкен нығмет», – деген.
Бір күні көкесі Аббасқа Алладан денсаулық сұрауды бұйырып: «Уа, Аббас! Алладан өзіңе денсаулық сұра!» дейді.
Әбу Бәкір (р.а.): «Пайғамардың (с.а.с.): «Алладан яқин және денсаулық сұраңдар. Адамға яқиннен кейін денсаулықтан да қайырлы нығмет берілген емес», – деп айтқанын естідім», – деген.
Ғалымдар осы хадиске берген түсіндірмеде: «Бұл хадис дін мен дүниенің де амандығын қамтиды. Асылында, адамның екі дүниеде бақытқа кенелуі яқин және денсаулық себепті жүзеге асады. Яқин – адамды ақырет азабынан құтқарса, денсаулық – жүрек пен денедегі аурулардан құтқарады», – дейді.
Бір бәдәуи Алла елшісіне (с.а.с.) келіп: «Бес уақыт намаздан соң Алладан не тілейін?» – деп сұрайды.
Сонда Алла елшісі (с.а.с.): «Алладан денсаулық сұра, сондай-ақ, бұл дүние мен ақыретте кешірімге бөлеуін тіле!» – деп жауап береді.
Денсаулықтың үлкен нығмет екенін ұқтырып келесі бір хадисінде: «Адамдардың көбі қадір-қасиетін біле бермейтін екі нығмет бар: денсаулық пен бос уақыт», – дейді.
Тағы бір хадисте денсаулық – адамның өмірде бақытқа кенелуінің басты себептерінің бірі екендігі айтылады: «Адам жан дүниесі тыныш, дені сау, бір күндік азығы болған күйі таң атырса, дүние бүтіндей алдына ұсынылғанмен тең».
Сонымен қатар Алла елшісі (с.а.с.): «Деніме саулық бере гөр?!» деп, әрдайым Жаратушыға жалбарынатын.
Денсаулық мықты болу үшін адам бірінші кезекте ішкен асы мен ұйқысына мән беруі тиіс. Мөлшерден тыс тамақ пен ұйқы денсаулыққа кері әсер береді. Ас ішу мөлшерінің ең тиімді жолы: асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға толтырып, қалған үштен бірін ауаға, яғни бос қалдыру. Бұл – хадистен алынған тағылым және қазіргі таңда медициналық тұрғыдан дәлелденіп отыр. Ұйқыны адам ыңғайына қарай 6-8 сағат мөлшерінде реттеп отырғаны жөн.
Денсаулықты жақсартудың тағы бір жолы – сүйікті спорт түрімен шұғылдану. Ғалымдардың айтуынша, адамдағы характердің қалыптасуына тәрбиенің қандай маңызы болса, спорттың да әсері үлкен. Спортпен шұғылдану тек тәнге ғана емес, психологиялық тұрақтылыққа да оң әсерін тигізеді. Өйткені спортпен шұғылдану барысында қимыл-қозғалыс, күш түсу (нагрузка), терлеу арқылы адам бойынан зиянды заттар шығады. Спортпен шұғылдану сондай-ақ, адамға жаман ойдан арылуға да көмектеседі. Ендеше сіз де бүгіннен бастап өзіңізге ұнайтын белгілі бір спорт түрімен шұғылдануды қолға алыңыз.
материал «RUH: Ислам психологиясы» кітабынан алынды,
ummet.kz