23 Шілде 2026, Бейсенбі 9 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 04:21
Бесін 12:26
Екінті 17:50
Шам 20:20
Құптан 22:17

Адамдар фиқһ ілімінде Әбу Ханифаға (р.а) қарыздар

Адамдар фиқһ ілімінде Әбу Ханифаға (р.а) қарыздар

Меккелік Ибн Ибраһим (Имам Бұхаридің ең ұлы ұстаздарының бірі): «Әбу Ханифа – өз заманының ең білгірі», - деген.


Ибн Мүбәрак: «Мен Хасан ибн Амараны көрдім. Ол Әбу Ханифаның атын жетектеп бара жатып былай деді: «Аллаға серт, біздің арамызда фиқһ ілімінде сенен асқан қысқа әрі нақты жауап беретін адамды көрмедім. Расында сен – өз заманының алыбысың. Сені көре алмайтын кісі ғана сен жайлы жаман сөз сөйлейді», - деп баға берген.

Мұхаммед ибн Саламадан жеткен риуаятта Халаф ибн Ақаб: «Ілім Алла Тағаладан Пайғамбарымызға (с.ғ.с), сосын сахабаларына, кейін табиғиндерге, содан кейін Әбу Ханифа мен шәкірттеріне берілген», - деген.

Хатиб Мұхаммед ибн Сағд: «Мұсылман үмметіне әрбір намазда Әбу Ханифаға дұға ету уәжіп болады», - деген.

Хатиб Мұхаммед ибн Бишри (сиқа, хафиз) Әли ибн Мәдәниден және Исхақ ибн Рахауайһтан жеткізген риуаятта Әбу Дәуіт (Куфадағы ең үлкен хафиз, Әбу Ханифаның шәкірті) былай дейді: «Мен Әбу Ханифа және Суфиянның алдына барып, ілім алатын едім. Әбу Ханифаның алдына барғанымда, ол менен: «Қайдан келдің?» - деп сұрады. Мен Суфиянның алдынан келгенімді айтқанымда ол: «Егер Алқа мен Әсуәд екеуі келсе, олар Суфиян секілді кісіге мұқтаж болар еді. Міне, сен сондай кісінің алдынан келіп тұрсың», - деді.

Суфиянға барғанымда ол да менен қайдан келгенімді сұрайтын, «Әбу Ханифаның алдынан» дегенімде: «Расында, сен жер бетіндегі ең фақиһ кісінің алдынан келіпсің», - деп жауап берді» (Суюти. Табид. 16–17 бб.).

Мұхаммед ибн Мүзахим былай дейді: «Мен Абдулла ибн Мүбәрактың: «Егер Алла Тағала мені Әбу Ханифа мен Суфиян секілді кісілермен жолықтырмағанда, мен басқа (қарапайым) адамдардың бірі болатын едім» дегенін естідім».

Рабиғ Хармала: «Біз Имам Шафиғидің былай дегенін естідік: «Адамдар фиқһ ілімінде Әбу Ханифаға қарыздар»».

Әбу Нағим (Әл-Фадл ибн Зүкай – Бұхаридің ұстазы) былай деген: «Әбу Ханифа фиқһ мәселелерінде өте терең болатын».

Яхия ибн Мағин: «Алла үшін рас айтамыз, біз Әбу Ханифаның ойынан асқан ойды естімедік, біз оның көптеген сөзін алдық», - деген.

Ибн Мағин: «Қаттан Куфаның сөзін (көзқарасын) алатын еді», - деген (Tahzibut-tahzib).

материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды, 

ummet.kz