09 Қазан 2026, Жұма 28 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:22
Бесін 12:07
Екінті 15:48
Шам 17:40
Құптан 19:06

Құрандағы тақуалардың сипаты

Құрандағы тақуалардың сипаты

Алла Тағала Құран кәрімде тақуалар жайлы, олардың сипаттары мен олардың амалдары, олардың сыйы жайлы көптеген аяттар түсірген. Соның ең алғашқысы «Бақара» сүресінің алғашқы аяттары:


«Әлиф, ләм, мим. Міне, кітап. Онда еш күмән жоқ. Ол – тақуа жандарды тура жолға бастаушы. Міне, солар ғайыпқа кәміл сенеді, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқиды және Біз өздеріне ризық етіп берген нығметтерден жұмсайды. Сондай-ақ олар саған түскен Құранға және өзіңнен бұрын түскен (иләһи Кітаптар мен парақтарға да) иман келтіреді. Ақыретке де кәміл сенеді».

Осылайша Алла тақуа жандарды сипаттап, олардың тура жолда екеніне куәлік берді: «Міне, солар – Раббыларынан келген нағыз тура жолда әрі олар мәңгілік азаптан құтылып, ең үлкен жетістікке, мақсат-мұраттарына жеткендер».

Ал дәл осы «Бақара» сүресінің 177-аятында: «Шынайы ізгілік һәм нағыз кемелдік жүздеріңді шығысқа немесе батысқа қаратуда емес. Шынайы ізгілік һәм нағыз кемелдік – Аллаға, ақырет күніне, періштелерге, иләһи Кітапқа және пайғамбарларға сенген жандардың, сондай-ақ мал-мүлкінен оны қанша жерден жақсы көрсе де, жақын туыстарына, жетімдерге, міскіндерге, елінен жырақта жүрген яки жолда қалған ғаріп жолаушыға, тарыққаннан сұрағандарға және азаттыққа қауышқысы келген құлдар мен тұтқындарға берген, намазды кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыған, зекетті толық берген, уәделескенде уәдеде тұратын, сондай-ақ таршылық көргенде, дертке шалдыққанда әрі соғыс жағдайында сабырлылық һәм табандылық танытқан жандардың ісі. Туралықтан айнымай, шынайылық танытқан жандар, міне, солар. Олар – Аллаға тиісінше тағзым ететін һәм күнә атаулыдан барынша сақтанатын нағыз тақуалар».

Алла осы аятта ізгілік атаулысының барша түрін келтіріп, әрі соларды жасаушылар нағыз тақуалар екенін де айтып өтті. Бұл аят Аллаға толық иман етуден басталып, Исламның асыл парыздары намаз, зекет сынды ізгі амалдарды да қамтыды.

Ендігі кезекте «Әли Имран» сүресіндегі Алла Тағаланың тақуа жандарды мадақтап сипаттауын айта өтсек. «Әли Имран» сүресінің 133-аятында: «Раббыларыңның кешіріміне һәм шынайы тақуалар үшін әзірленген кеңдігі жеті қат аспан мен жердей болған жұмаққа асыға ұмтылыңдар. Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла ізгі жандарды жақсы көреді. Сондай-ақ олар жағымсыз іс істегендерінде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағандарында, бірден Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіре алады дейсің?! Сондай-ақ олар, бір рет істеген күнәні әдейі қайта-қайта істемейді», – деді.

Алла Тағала осы аяттарда нағыз тақуа құлдардың төрт сипатын айтты: таршылықта да, кеңшілікте де Алла жолында садақа ету; ашуын жеңе білу; адамдарға кешірімді болу және күнә жасап қойса, дереу Алладан кешірім тілеу.

Онымен қоса, тақуалық – ақыретке дайындықтың ең үлкен азығы. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 197-аятында: «Азықтарыңды жақсылап қамдап алыңдар һәм біліп қойыңдар, ең қайырлы азық – тақуалық!» – деді. Тақуалық – ақыреттің ең ұлы азығы. Тақуалық – Алладан қорқу мен оған махаббат қоюдың нәтижесінде пайда болған ұлы сипат.

материал «Саф жүрек» кітабынан алынды, 

ummet.kz