Тамақтанғаннан кейінгі мұстахаб амалдар:
* Тоюдан бұрын дастарханнан шегіну.
* Саусақтарын жақсылап жалаған соң, сүлгімен сүрту, артынан жуу.
* Нан қоқымдарын жеу. Алла елшісі (с.а.с.): «Жерге түскен нан қоқымдарын жеген адам таршылық көрмейді, баласының амандығын көреді»¹⁵, – деген.
* Тісінің арасын тазалау, тісінен шыққандарды жұтпау қажет. Алайда тілмен алғандарын жұтуға болады.
* Тісін тазалағанда шыққан (тамақ қалдықтарын) тастап, артынан аузын шайып, ыдысын жууы қажет.
* Дастарханғағы нан қоқымдарын жеп қойған жөн. Оның жұмақтағы хор қыздарының мәһірі екені айтылады.
* Жеген тамағына шүкір етіп, оны Алланың нығметі деп білген жөн. Алла тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің адал, таза һәм денсаулыққа пайдалы болғанынан жеңдер. Егер шынымен бір Өзіне ғана құлшылық ететін болсаңдар, Аллаға шүкіршілік етіңдер»¹⁶, – деген.
* Адал жолмен тапқан нәпақасын жеген соң былай деп дұға жасау керек: «Аллаға мадақ болсын. Тек Соның берген нығметімен жақсылықтар толығады және берекеттене түседі. Я, Алла! Бізге адал және таза азық нәсіп ет және бізге ізгі амалдар жасауды нәсіп ет».
Егер жеген тағам күмәнді болса: «Барлық жағдайда Аллаға мадақ айтамын! Я, Алла! Бұл тағамды бізге қарсы келуге алып баратын күш етпе!»
* Тамақтанып болған соң «Құрайыш» және «Ықылас» сүрелерін оқу.
* Дастарханғағы тағам алынбайынша тұрмау.
* Басқа біреудің тағамын жесе, үй иесіне былай деп дұға жасау керек:
«Я, Алла! Бұл адамға берген нығметтеріңнің хайыры мен берекетін арттыр және жақсылыққа қолдануын нәсіп ет! Оны және бізді берген нығметтеріңе шүкір етіп, қанағат етушілердің қатарынан қыла гөр!»
Топ адаммен басқа жерде ауыз ашқан жағдайда: «Тағамыңыз аузы берік кісілердің ауызашарына нәсіп болсын! Ізгілердің дастарханы болсын! Періштелер сіздер үшін Алладан кешірім тілесін!» – деп айтып, күмәнді тағам жеп қойса, Алладан кешірім тілеп қайғырып, көз жасымен жаһаннам отын сөндіруге тырысқаны жөн. Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Харам астан жиналған ет – отқа лайық», – деген. Әлбетте, тамақтанудың себебінен қайғырып, көз жасын төккен адам мен ішіп-жеп көңіл көтерген және ойнап-күлген адам бірдей емес.
Сүт ішкен кезде былай деп дұға жасау керек:
«Я, Алла! Бізге берген бұл сүтті мүбәрак ет және одан несібемізді арттыр»¹⁷.
Сүттен басқа нәрсе ішсе, не жесе былай деп дұға жасау керек:
«Я, Алла! Жеген тағамымызды бізге мүбәрак ет және одан артығымен нәсіп ет!»
Тағамның ең жақсысы – сүт. Сүттің көптеген пайдалары болғандықтан, Алла елшісі (с.а.с.) сүт ішкен кезде қайталап, басқа нәрсе ішкен кезде Алладан әлгі тамақтан әлдеқайда жақсы сүтті сұраған.
* Тамақтанып болған соң былай деп дұға жасау керек:
«Бізге жегізіп, ішкізген, шөлімізді басқан және тойдырған Аллаға мадақ айтамыз! Уа, басқа ешбір нәрсеге мұқтаждық қылдырмаған және барлығы Өзіне ғана мұқтаж болған Раббым! Қарнымды тойғыздың, мені қорқыныштан сақтадың, енді саған мадақ айтамын! Мені таршылықтан құтқарып, адасушылықтан тура жолға салдың. Барлық мадақ Саған ғана тән және үздіксіз сені мақтаймын. Мақтауға және мадаққа тек Сен ғана лайықсың. Я, Алла! Маған адал тағам жегізгенің секілді, жақсы істер істеуді де нәсіп ет. Жеген бұл тағамымды құлшылық жасауға көмекші ет! Жамандық жасауға көмекші болуынан саған сиынамыз».
Қол жууға келер болсақ, сабынды сол қолға алып, алдымен оң қолдың үш саусағын жуу керек. Артынан қолын құрғаған сабынға тигізіп, онымен ернін сүрту керек. Сонан соң саусағы мен аузын шайып, тісінің ішкі және сыртқы жағын, тілін, тамағын шайып, одан кейін саусақтарын қайта жуып, сабынның екінші жағымен саусақтарының ішкі және сыртқы жағын жуған дұрыс.
¹⁵ Әбу Шейх «Китабу әс-Сауаб». Жабирден риуаят еткен.
¹⁶ Бақара, 2/172.
¹⁷ Әбу Дәуіт және Термези риуаят еткен. Термези хадисті «хасан» деп бағалаған. Ибн Мәжа Ибн Аббастан риуаят еткен.
материал «Тамақтану әдептері» кітабынан алынды,
ummet.kz