Адам баласының шынайы келбеті мен ізгі мүмін болуының сипаты – өзіне қатысты емес дүниелерден көзі мен тілін, жаны мен рухын аулақ ұстаумен өлшенеді.
Сөзіміздің мәнін кеңірек аша түсу үшін Әбу Нуайм әл-Асбаханидің «Хилятул-Әулия» атты еңбегінде келген мына бір ғибратты оқиғаны баяндайық:
Бір күні атақты парсылық сахаба Салман әл-Фариси (р.а.) үйленеді. Ертеңіне оның достары үйіне келіп, хал-жағдайын білмекпен:
– Әй, Салман! Жаңа жұбайың қалай екен?! – деп сұрай жөнеледі. Бірақ, Салман (р.а.) достарының сауалына үндемейді.
Олар үш рет сұраса да, ол ешқайсысына тіс жармай, әңгімені басқа жаққа бұрып отыра береді. Сәлден соң өзінен жауап алуға ниетті жолдастарына қарата сабырмен былай дейді:
«Алла Тағала перделер мен есіктерді бекер жаратқан жоқ. Олар – жеке өмірді жасыру үшін. Адамға сырттағысын сұрау жарасқанымен, ішкі өмірге араласу әдепке сай емес!»
Сахабаның терең тағылымды сөзіне иланған достары өздерінің қойған сұрақтарының орынсыз екендігін біліп, үнсіз ғана үйлеріне қайтса керек. Яғни, тәлімі тұнық оқиғадан түйеріміз – басқаның жеке өміріне мұрын тығу – арсыздық, керісінше үндемей өту – имандылық. Ал бүгінгі қоғамда керісінше бұл имани әдеттен алыстап, бәрі бір-бірінің ісін білгісі келеді. Кім не киді, кіммен кездесіп жүр, кім не сатып алды, тағысын тағы…
Өзгелердің өміріне үңіле берсек ұзын сонар тізбекпен жалғасып кете бермек.
Бірақ, білгейсің! Адамның өмірі – қақпа артындағы құпия бақша секілді. Оған рұқсатсыз бас сұғу – адамшылықтан ада әрекет. Өйткені, адал да шынайы ғұмырдың нағыз үлгісі болған адамзаттың асылы, мүбәрак тағдыр иесі, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
«Адамның жақсы мұсылман болуының белгісі – оған қатысы жоқ нәрседен аулақ болуы», – деген.
Адамдар саған келіп сырын ашса, демек сенің болмысыңа сенгені. Сен оны сақтай алсаң – аманат иесісің, тіліңнен шығарсаң – иманы әлсіздердің қатарынан боласың. Демек, кімнің де болсын ішкі мұңын білсең, Алланың саған «тыңдайсың ба, әлде таратасың ба?» деген ишарамен жіберген сынағы деп қабылда. Дұрыс таңдау жасаумен әрдайым ұтасың!
Бірде көрсеқызар келіншек көршісінің үйіне амандық-саулық сұраса келіп, ас үйдегі үсті жабылған ыдысқа көзі түсіп:
– «Мұның ішінде не бар?» – деп, сұрай жөнеледі. Сонда ыдыстың иесі, ол әйелге жай ғана үнмен:
– «Егер көрсеткім келсе, жаппас едім ғой!» – деп жауап берген екен. Демек, даналық міне, осында.
Өмірімізде бар нәрсенің ашық болуы шарт емес. Тиісінше ол жабық болған сайын құндылығын байытып, мәнін арттырады.
материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,
ummet.kz