14 июля 2026, Вторник 29 мухаррам 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 02:18
Восход 04:10
Зухр 12:25
Аср 17:55
Иша 22:22

Мүминдер үшін Пайғамбар (с.ғ.с) өз жандарынан да артық

Мүминдер үшін Пайғамбар (с.ғ.с) өз жандарынан да артық

Адамзаттың асылының (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жіберілу мақсаты, сипаттары мен атқарған миссиясының ұлылығы Оны жақсы көруді қажет етеді.


Ол өз жанынан бұрын өзгелерді ойлап, ең ұлық дұғасын ақыретте үмбетіне шапағат ретінде сақтаған-ды. Пайғамбарлар падишасы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «Мен иман келтіргендерге өздерінен де жақынымын» (Бұхари, Кәфала 5; Муслим, Жұма, 43) деген.

Расында, ол бізді өзімізден де артық жақсы көрді. Неге десеңіз, көбіне өзімізге өзіміз қиянат жасап жатамыз, ал одан тек қана жақсылық пен мейірім көреміз. Оның «Кім артынан қандай да бір дүние-мүлік қалдырса, ол туған-туыс, жақындарына тиесілі, ал кімде-кімнің қарызы болып, дүниеден өтіп кетсе, ол маған тиесілі» (Бұхари, Истикраз 11; Муслим, Фараиз, 14–16) деген сөзі – жан дүниесінің айнасы. Сондықтан бізді бізден артық ойлаған Пайғамбарды жақсы көру – мұсылмандық міндет.

Құран Кәрімнің бірқатар аяттарында Алла Тағала Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілік пен құрметтің қаншалықты болуы керектігін білдірген. Сол аяттардың бірінде: «Мүміндер үшін Пайғамбар өз жандарынан да артық. Әйелдері олардың аналары...» («Ахзаб» сүресі, 33/6) делінген.

Құранда ашық, айқын түрде келген осы аят иман келтірген адам мен Пайғамбар арасындағы сүйіспеншіліктің деңгейін көрсетуде. Сонымен қатар, осы аят және жоғарыда келтірілген хадистер ардақты Елшіні (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақсы көріп қана қоюдың жеткіліксіз, оның барлығынан жоғары тұруы қажеттігін көрсетеді. Өз кезегінде Пайғамбарымызды бәрінен жоғары қою терең махаббаттың нәтижесінде ғана жүзеге асады.

Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистерін өмірлерінің өзегіне айналдырған сахабалардың өмірінен осындай сүйіспеншіліктің көптеген үлгісін көре аламыз. Мәселен, әділдіктің үлгісі – Омар Фаруқ (р.а.) Алла елшісін жанындай жақсы көретін. Бірде Ғаламның рақым нұры (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Омардан:

— Мені қаншалықты жақсы көресің? – деп сұрағанда,

— Уа, Расулалла, сені жанымнан басқаның бәрінен артық жақсы көремін, – деп жауап береді.

— Мені жаныңнан да артық жақсы көрмейінше, толық иман еткен болып саналмайсың, – деп, Алла елшісі оған сүйіспеншіліктің қандай болу керектігін айтқан кезде, істің мәнісін Пайғамбардан үйренген ол жан-тәнімен:

— Уа, Расулалла, сені енді жанымнан да артық жақсы көремін, – деді. Алла елшісі оған:

— Міне, енді толық болды, – деді. (Муслим, Иман, 69).

Әзірет Әлиден (р.а.) Пайғамбарымызды қаншалықты жақсы көргенін сұраған кезде, «Ол біздер үшін дүние-мүлкімізден, бала-шаға, ата-анамыздан және аптапты ыстықта шөліркеп, қаталаған адамның суық суға деген құмарлығынан да артық еді» (Кандемир, Шифа-и шәриф шәрхи, «Тахлил» баспасы, Стамбул, 2012, 2-т., 321-б.) деп өзінің әрі сол кездегі жалпы сахабалардың ғаламның рақым нұрына (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) деген сүйіспеншілігін білдірген.

материал «Сахабалардың Пайғамбарға (с.ғ.с) деген сүйіспеншілігі» кітабынан алынды,

 ummet.kz