Әбу Жәһіл бір күні Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп:
– Бәни Хашимда сенен ұсқынсыз ешкім жоқ, – деді.
Ардақты Пайғамбар:
– Шектен шықсаң да, турасын айттың, – деді.
Біраздан кейін Әбу Бәкір Пайғамбарымыздың қасына келді:
– Ей, ай дидарлы пайғамбар, сенен асқан көркем және жүзі жарқыраған ешкімді көрмедім, – деді.
Сонда Пайғамбарымыз:
– Ей, қадірлі дос, құнсыз дүниенің қызыл да жасыл әшекейінен арылған адам, дұрыс айтасың, – деді.
Сол жердегілер бұл жағдайға таңданып:
– Ей, хақ пайғамбар! Әбу Жәһіл мен Әбу Бәкір қасыңа келіп бір-біріне қайшы сөздер айтты, ал сен екеуіне де: «Дұрыс айтасың», – дедің, мұның себебі неде? – деп сұрады.
Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.):
– Мен Алланың жалтыраған айнасы секілдімін. Маған қараған адам одан өзін көреді, – деді...
материал «Көңіл сұлтаны» кітабынан алынды,
ummet.kz