16 Қазан 2026, Жұма 5 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:34
Бесін 12:05
Екінті 15:34
Шам 17:25
Құптан 18:51

Тақуалық пен ризық жайлы ғажап оқиға

Тақуалық пен ризық жайлы ғажап оқиға

Ибн Асакир өзінің «Тарих» кітабында Хасан ибн Суфиян жайлы бір оқиғаны да келтіреді. Бұл оқиғаны Хасан ибн Суфиянның шәкірті Әбу Хасан әс-Саффар әңгімелейді.


«Хасан ибн Суфиянның ілім мәжілісінде отырғанымызда, бізге былай деді: «Шәкірттер, ілім үшін туған-туыстарыңды, туған жерді тастап келдіңдер. Бірақ бұл құрбандық ілімнің нағыз қиыншылығын білдірмейді. Сендер секілді жастық шағымда болған қиыншылықтан бір оқиға айтып берейін. Ілім алып, хадис есту үшін сонау Батыс Африкадан Мысырға келдім. Өзіммен бірге ілім алушы тоғыз досым бар еді. Заманның ең мықты мухаддистерінен хадис естуге бірге барып, бірге қайтатынбыз.

Содан бір күні қатты аштыққа душар болдық. Үш күн, үш түн ешқайсымыз нәр татпадық. Бір үзім нан жеу үшін үстіміздегі киімдерді саттық. Ол аз-маз ғана қорекке жетті. Тамаққа деген зәрулік бізді қайыр сұраудан да тыймады. Қайыр сұрауға ешкімнің де дәті оңайлықпен бармас. Сол себепті жеребе тастап, кімге түссе, сол барып қайыр сұрайды өзара келістік.

Жеребе маған түсті. Қатты таңқалдым. Тоғыз адамнан неге мен ғана қайыршы болуым қажет деген ой мазамды алды. Дәтім барар емес. Амал нешік, дәретімді алып, екі ракат намазымды оқып алайын деп шештім. Намазымды ұзақ оқыдым. Алладан осы қайғымызды сейілтуін қайта-қайта сұрай бердім.

Сөйтіп намазды бітіруге таяп қалғанда есіктен жүзі сымбатты, киімі өте бағалы, қолына қымбат мата орап алған бір кісі кіріп келіп:

– Қайсысың Хасан ибн Суфиян? – деді. Намазымды аяқтап:

– Менмін. Қандай көмек керек? – деп сұрадым.

– Менің қожайыным Тулун патша сендерге сәлемін жолдады. Әрі халдеріңді білмей, ғапыл болғаны үшін кешірім сұрады, – деді де қалтасынан жүз алтын динарға толы дорбаны шығарып, әрқайсымызға таратты: «Қожайын ертең өзі зиярат етіп келеді. Бүгінше осыны қанағат ете тұрасыздар», – деп кетіп қалды.

Біз таңырқап:

– Бұл не болды?! Сіз өзі кім боласыз? – деп сұрадық. Ол:

– Мен Тулун патшаның ең жақын көмекшісі, істерін атқарушы уәзір боламын. Кеше Тулун патшаның жай-күйін біліп, сәлемімді беріп кетейін деп бөлмесіне кірсем, ол: «Үйлеріңе қайта беріңдер, бүгін ертерек демалып, оңаша қалсам деп едім», – деді. Содан үйіме қайтып, енді жайғаса бергенімде сарайдан қызметші жүгіріп келіп, мені қайтадан сарайға шақырды. Сарайға жеткенімде Тулун патша екі тізесін құшақтап, аурудан дөңбекшіп жатыр екен.

Маған қарап:

– Хасан ибн Суфиянды білесің бе? – деп сұрады. Мен ол кісіні танымайтынымды айттым. Сөйтіп патша маған сендер жатқан үйді, мекен-жайды толық баян етіп, былай деді: «Мына алтын дорбаларды соларға бер! Олар үш күннен бері аш. Мен қатты өкінемін. Оларға менің кешірімімді жеткіз. Ертең өзім барып зиярат етемін», – деді.

Түк түсіне алмай, бүкіл жағдайды қайта сұрадым.

Маған мән-жайды түсіндіріп, Патша өз түсін баяндады. «Бірер уақыт бұрын сендерді үйлеріңе қайтарып, өзім бір мызғып алмақшы едім. Енді көзім іліне бергенде бір түс көрдім. Түсімде ауада атпен шауып бара жатқан, қолында найзасы бар біреу маған келіп, найзасымен белімді нұқып жіберді де:

– Хасан ибн Суфиян бауырларымен үш күннен бері аштыққа душар болды. Оларға тездетіп жет! – деді.

– Сен кімсің?! – деп сұрадым.

– Мен – Жәннат періштесі Ридуанмын, – деп жауап берді.

– Сол Ридуан нұқығаннан бері белім шыдатпас аурумен ауырып жатыр. Тезірек оларға жет те, мына ақшаны бер! Ауруым бәлкім жазылып қалар. Тездет!» – деп патша мені сендерге қарай жіберді. Хал-жағдайларыңды білмей қалғаны үшін оны кешіріп қоярсыңдар», – деді.

Біз таңданыспен отырып қалдық. Патша ертесіне келіп, бүкіл шәкірттерді, кешенді толығымен қамтамасыз етіп, бізге сәлем беріп кетті.

– Субханалла, діннің ұлықтығын айтсаңшы! Патшаны да дөңбекшітіп шәкірттің алдына алып келді. Сол жердегі тоғызымыз да заманның ең үлкен ғалымдары болдық», – деді. «Кім ілім жолына шықса, Алла оның ризығын өзіне кепіл қылды» деген хадистің ақиқаты да – осы», – деді.

Қорытындылай айтқанда, «Кім Аллаға тақуалық қылып, Оған тәуекел етсе – Алла оған жеткілікті».

материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,

 ummet.kz