23 Қараша 2026, Дүйсенбі 13 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 06:05
Күн 07:39
Бесін 12:06
Шам 16:22
Құптан 17:56

Мұғжиза: Түйенің пайғамбарға (с.ғ.с) сәжде етуі

Мұғжиза: Түйенің пайғамбарға (с.ғ.с) сәжде етуі

Имам Ахмад пен ән-Насаи Әнәс ибн Мәликтен (Алла разы болсын) жақсы тізбекпен мынадай хадисті келтірген:


«Бір ансарлық отбасының су таситын түйелері бар еді. Бір күні түйелері шөкпей, бағынбай қойды. Олар Алла елшісіне (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Алланың елшісі! Біздің түйеміз бар еді. Біз оған су артатын едік. Енді ол бізге бағынбай жатыр. Құрма мен егін құрғап жатыр», – деді.

Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларға жүріңдер деп баққа кіріп, әлгі түйеге қарай барды. Артынан ансарлар келіп: «Ей, Алланың елшісі! Ол қазір қабаған ит сияқты болып кеткен. Біз оның саған қарай атылуынан қорқамыз», – десе, Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оның маған зияны жоқ», – деді.

Түйе Алла елшісін (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көрген бойда алдына келіп сәжде етті. Тұмсығын жерге тигізіп, алдыңғы екі сирағымен шөкті. Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны шудаларынан ұстап, қайтадан жұмысқа салды. Тіпті, бұрынғысынан да бағыныштырақ болды.

Түйенің егелері: «Ей, Алланың елшісі! Мына ақылы жоқ жануар саған сәжде етіп жатқанда ақылы бар біздің сәжде етпеуімізге болмас», – деді.

Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамның адамға сәжде етуіне болмайды. Егер адамның адамға сәжде етуіне рұқсат болғанда әйелге еріне сәжде етуін бұйырар едім. Себебі оның ерінің алдындағы міндеті үлкен», – деді.

Бұл хабарды имам Ахмад «Муснадында»¹²⁶ Абдулла ибн Жағфардан (Алла разы болсын) келесідей мазмұнда келтірген:
«Бір күні Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мені артына мінгестірді. Сосын маған бір сыр айтты. Мен оны ешқашан ешкімге айтпаймын.

Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәрет сындырғанда бір биіктеу нәрсенің артына немесе құрмалардың арасына жасырынғанды құп көретін. Сөйтіп, ансарлардың құрма бақтарының қоршауларының біріне кіріп кетті. Сол кезде бір түйе келіп еңкілдеп жылады. Алла елшісін...»

Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түйенің көз жасын сүртті де: «Мынау кімнің түйесі?» деді. Сол кезде бір ансарлық жас жігіт: «Менікі, ей, Алланың елшісі», - деді. Сонда Алла елшісі: «Ол маған сенің жем бермей жұмысқа салатыныңды айтып арызданды. Оны саған бағындырып берген Алладан қорықпайсың ба?!» – деді». Тізбегі – сахих. Имам Муслим бұл хадистің жартысын ғана риуаят еткен.

Хафиз Ибн Касир «әл-Бидая уа ән-Ниһая» кітабында Айша анамыздан (Алла разы болсын) мынадай оқиғаны келтірген: «Бірде Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір топ мухажирлер мен ансарлардың ортасында отырғанда бір түйе алдына келіп сәждеге жығылды. Сол кезде сахабалар: «Ей, Алланың елшісі! Саған жан-жануарлар мен талдар сәжде етеді. Біз олардан да міндеттірек емеспіз бе?» деді. Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббыларыңа құлшылық қылыңдар. Бауырларыңды құрметтеңдер. Егер біреудің біреуге сәжде етуін бұйыратын болсам, әйелдің еріне сәжде етуін бұйырар едім. Егер ері әйеліне сары таудан қара тауға, қара таудан ақ тауға көшуді бұйырса, ол оны істеуге міндетті», - деді». Ибн Касир: «Бұл хадистің тізбегі «Сунанның» шарттарына сәйкес», – деген.

материал «Мұғжиза» кітабынан алынды, 

ummet.kz