01 Қазан 2026, Бейсенбі 20 Рабиғ әс-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 04:43
Күн 06:09
Бесін 12:09
Шам 17:58
Құптан 19:24

Кедейлікті жеңген халифа

Кедейлікті жеңген халифа

Омар ибн Абдулазиз – ғалым, әрі ел басқарған қайраткер. Ол Ислам тарихында екінші Омар және бесінші әділ халифа атымен қалған. Омар ибн Хаттабтың Асым есімді ұлының жиені. Арғы атасы Омармен аттас.


Халифалығы небәрі екі жарым жыл ғана жалғасты. Себебі, оның әділдігіне көндіге алмағандар астыртын қастандық ұйымдастырды. Жау алыстан келмейтіндігі мәлім. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, халифалықтан дәмеліленген Омар ибн Абдулазиздің қызметкеріне пара беріп, сатып алады. Халифа өзінің уланғанын әрі қастандық жасаған адам өзінің қызметкері екенін де сезіп: «Тамағыма неге у салдың?» – дейді.

Қылмысы әшкере болған қызметкер Умауия әулетінің шонжарлары итермелегенін, сый ретінде басын құлдықтан босатып, қолына мың динар беретінін уәде еткенін де мойындайды. Сонда кемеңгер халифа: «Мың динарды мемлекет қазынасына тапсыр, ал өзіңді Алла разылығы үшін құлдықтан босаттым», – деп соңғы сөзін айтты. Жазалауға әбден күші де, білігі де жетіп тұрса да, жаңылыс басып, ауыр қылмыс істегенге кеңшілік жасады.

Омар ибн Абдулазиз екі жарым жылда мемлекеттегі кедейлікті түбегейлі жеңді. Халықтың басты әлеуметтік мәселелерінің тетігін қарастырып, оңтайлы шешімдер іздеді. Соның ішінде қарызы бар адамдардың берешектерін, үйленуге шамасы жоқ жастарға қаражатын және қажылыққа ниет еткен кедейлердің жолкірепелері мен азық-түлігін толығымен мемлекет есебінен қаржыландырды. Осылайша, мемлекетте жағдайы төмен отбасындағы жастарға арнайы жоба жасалды. Аяқтанып кеткенше қаражат бөлдірді. Осылайша, әр жас шаңыраққа өз арбасын өзі дөңгелетіп кететіндей жағдай жасалды. Әрі, тапқан табысын қарыз жабумен күнелткен халық мәселесін біржолата шешті. Тіпті, даладағы жануарлар мен құстарға арнайы жем-шөп салатын қорымдарға дейін жасатты. Бұл Омар ибн Абдулазиз халифаның мемлекет басқарған қайраткер ретіндегі еңбегінің бір шеті.

Халифа болған күннен бастап ақын мен әншілерді сарайға жолатпады. Оның орнына үнемі фиқһ және хадис ғалымдармен мәжіліс құрып, ақыл-кеңестерін тыңдайтын. Фиқһ және хадис дегеніңіз – экономика, заңгерлік, әлеуметтік мәселелер. Демек, халифа елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмыстарын қарқынды жүргізген. Бұған қоса, халифалық мансабынан қаймықпай насихат айтатын ғалымдармен кездесіп тұратын. Ғалым достарының бірі: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Бұл дүние рақаттарынан тыйыл. Аузы берік адамдай өмір сүріп, өлімнен кейін ғана оразаңды аш. Әрі, қияметке азығыңды қамдап ал», – деген сөзі жүрегіне қатты әсер етті.

Осы сөздерден кейін ол қарапайым тұрмыс кешті. Тіпті, оның әділ басшылығының арқасында атасы Омар халифаның дәуіріндегідей қойға қасқыр шаппайтын мамыражай заман орнаған деседі. Бұл жөнінде адамдар: «Алла Тағала мен өзінің арасындағы міндетті дұрыс атқарды, сондықтан Алла Тағала Омар мен халқының арасын түзеді», – деген екен.

материал «Мұсылман мотивациясы» кітабынан алынды, 

ummet.kz