Таразы мен өлшемде әділ болу. Өзі бір нәрсе сатып алғанда қалай өлшеп, қалай тартатын болса, сатқан кезде де солай өлшеп, солай тартуы керек.
Алла Тағала былай бұйырған: «Таразы мен өлшеуіштен жеп, елді алдайтын жандардың жағдайы қандай өкінішті! Олар өздері бір нәрсе сатып алғанда, өзге ел-жұрттың зиянына таразыны/өлшеуішті лықа толтырып, артығымен өлшейді. Ал өздері бір нәрсе сататын болып, басқалар үшін өлшеп, тартқанда, керісінше, кемітіп өлшейді және кемітіп тартады». («Мутаффифин», 1,2,3-аят).
Бұл өкініштен құтылудың жалғыз жолы – алған кезде сәл кемдеу етіп өлшеп, берген кезде сәл артық қылып тарту. Өйткені түп-тұра тең қылу өте қиын. Сол үшін сәл арттырып, кеміту арқылы ақыретте өзін құтқаруға болады. Егер ақысын толық иемденсін десең, ол адам шектен шығып, ақиқатқа қиянат жасауы мүмкін. Тіпті кейбіреулер: «Бір грамм үшін Алланың азабын сатып алмаймыз» – деп, алғанда бірнеше грамм кем қылып, сатқанда бірнеше грамм артығымен береді екен. Олар: «Кеңдігі аспан мен жердей болған жаннатты бір түйір дән үшін жоғалтқандарға қандай өкініш!» деген. Сүйіншіден жаннатты өкінішпен алмастырған адам – қатты алданған адам.
Ілгергі мұсылмандар мұндай нәрселерден алыс тұруға қатты мән берген. Өйткені мұндай істерде тәубе ету мен ақысын халал қылу өте қиын. Яғни, ақы иелерін қайдан тауып, қай жерге жинайсың, олардан қанша грамм жегеніңді, қанша ақысы барын қалай біліп, қалай анықтайсың? Бұл өте қиын нәрсе. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Өлшегенде артықтау қылып бер», – деген.
Фудайл ибн Ияз таразыға тартқанда артық салмақ болмасын деп ақшасының кірін, жабыcқан нәрселерін тазалап жатқан ұлын көргенде: «Балам, сенің мына ісің екі рет (нәпіл) қажылыққа барғаннан, жиырма умра жасағаннан да артық», – деген.
Мұсылмандардың алғашқы буынындағы бір кісі: «Күндіз таразы тартып, тоқтаусыз ант ішетін, ал түнді ұйқымен өткізетін саудагердің ақыреттен қалай құтылатынына таң қалам», – деген.
Сүлеймен (а.с.) пайғамбар ұлына: «Балам, екі тастың арасына кіріп кеткен бидай дәні сияқты, сатушы мен алушының арасына да күнәлар кіріп кетеді», – депті.
Сөйлеген сөзі, жүріс-тұрысы, әрекеті әйелге ұқсайтын бір кісінің жаназасында артында тұрып намаз оқыған игі, тақуа адамға біреу:
– Сенің артыңда тұрып намаз оқыған кісі пасық, күнәһар еді, – дейді. Тақуа кісі үндемейді. Әлгі адам сөзін тағы қайталаған кезде, ол:
– Сен маған бірімен алып, екіншісімен сататын екі таразысы бар саудагер едің деген келіп тұрған сияқты, – дейді.
Ол бұл сөзімен қайтыс болған кісінің пасықтығы Алла мен оның өз арасында болғанын, ал таразыдан жеген адамның ісі адамдарға зұлымдық, әділетсіздік болатынын ишаралағысы келген еді. Кісі ақысын жеген адамның кешірілу ықтималдығы аз. Ал таразыға қатысты ескерту бұдан да ауыр. Одан құтылу бір грамм немесе жарты грамм арқылы шешіледі. (Яғни, алушыға тартылған нәрседен сәл қосып беру арқылы.)
Абдулла ибн Масғұдтың (р.а.) қырағаты бойынша «Рахман» сүресінің тоғызыншы аятында «бил-қист» сөзінің орнына «бил-лисан» сөзі келеді. Сонда аяттың мағынасы былай болады:
«Таразының тілін тура тартуға тырысаңдар, кем тартпаңдар! Өйткені кем немесе артық болу таразы тілінің ауғанынан білінеді».
Қорыта айтар болсақ, бір сөзбен болса да өзгеден өшін алуға тырысқан адам, егер өзінкі сияқты басқалардың да құқығын қорғамайтын болса, ол Алла Тағаланың «қандай өкінішті» деген үкімінің шеңберіне кіріп кетеді. Өйткені кем тартудың харам болуы олардың таразыға тартылатын нәрсе болуында емес...
материал «Ихия улумид-дин» кітабынан алынды,
ummet.kz