«Әдеп» – араб тілінен енген сөз. Оның көпше түрін «адаб» дейді, яғни қазақшасы әдептер болады.
Бұл сөз – кез келген мамандық, кәсіп иесі бағынуға әрі жүзеге асыруға тиісті рухани, мағынауи ереже және ғылыми әдістеме дегенді білдіреді. Мұны екі тұрғыдан қарастыруға болады.
1. Хадис үйренуші шәкірттің әдептері.
2. Хадис үйретуші ұстаздың әдептері.
Бұл тақырыпқа жазылған еңбек Хатиб әл-Бағдадидің (өлг. ж. 463/1071) Әл-Жами ли ахлақир-рауи уә адабис-сәмиғ атты ең ауқымды еңбегі. Автор кітаптың атында айтылғандай, рауи (ұстаз) үшін ахлақ сөзін, ал самиғ (шәкірт) үшін адаб (әдептер) сөзін қолдану арқылы ұстазға – ахлақ, этика, ал шәкіртке – адаб ең әуелі қажетті қасиет деген пікірді айтады.
1. Хадис оқушысының ұстанатын әдептері (адаб):
а. Ықылас
Хадиспен шұғылдануда басты көзделетін нәрсе – тек қана Алланың разылығы. Хадис ғылымының ғылымдар арасында аса үлкен орны бар. Сондықтан хадисті үйреніп, білу кіршіксіз көңіл бөлуді қажет етеді. Өйткені: «Сөзімді естіп, оны жаттаған әрі жадында сақталған қалпында басқаларына жеткізген адамның жүзін Алла Тағала жарқыратсын.
Өйткені қаншама адамға жеткізілген (хадистер) бар, бірақ сол адамдар естіген адамнан анағұрлым жақсы ұғады» деген Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осынау бір хадисі тек осы сүйінші хабарға ие болу үшін риуаят ету керек дегенді көрсетеді.
ә. Хадисті өз ісінің нағыз маманынан алу
Хадис оқушысы бұл ғылымды ғалым әрі оны іске асырушы, сондай-ақ тақуа ұстаздардан алуы тиіс. Қажет болса, бұрынғы өткен хадисшілер орындағандай ұзақ сапарларға (рихлә) шығуды қаперден шығармау керек.
б. Амал ету
Үйренгенімен амал ету – осы ғылымның зекетін берумен тең дәрежеде болады. Имам Шафидің ұстазы Уәки: «Хадисті үйренбек болсаң, онымен амал ет!», – деп насихат айтып кеткен.
в. Ұстазға деген құрмет
Хадис үйреткен ұстазына құрмет көрсету – діни, ғылыми және ар-ождан жауапкершілігі болып табылады.
г. Жолдастарымен пікір алмасып, талқыға салу (мүзәкәра)
Хадистің игілігін пайдаланғысы келген хадис оқушысы оқыған-тоқығандарын жолдастары арасында талқыға салып, өзара пікір алмасу арқылы білімін одан әрі шыңдаса, білген нәрсесін өзара бөлісудің тәсілін үйрене бастайды.
д. Хадистануға аса көңіл бөлу
Хадис оқушысы үйренген білімдерінің ішінде тек нақты әдістемелік білімдерді ғана пайдалану керек. Ол үшін сенімді әрі танымал әдістемелік құралдарға (кітаптарға) иек арту қажет.
материал «Хадистану» кітабынан алынды,
ummet.kz