Зухайр ибн Нуғайм: «Бұл дін ісі екі нәрсемен ғана кемелденеді – сабыр және яқин (нақ сенім). Егер адамда яқин болып, бірақ сабыр болмаса және сабыр болып, яқины болмаса – дін ісі шала болып қалады»¹⁸, – деді.
Имам Суютидің «Әд-дурр әл-мәнсур» еңбегінде мына бір сөз риуаят етілді: «Әрбір адам өзінің құлшылығына сай болатын, белгілі бір шегі бар сый-сияпатты ғана алады. Тек сабыр етушілерден басқа. Әсілінде, сабыр етушілер шегі жоқ, ұлы жақсылықтармен марапатталады». Өйткені Алла Тағала «Зумар» сүресінің 10-аятында: «Ешқандай қиындыққа мойымай сабырлылық танытқан жігерлі жандарға сый-сияпаттары қисапсыз беріледі», – деді. Себебі сабыр жанға ең қиын амалдың бірі. Сабыр – ашудың кернеген қаһарын жұту, сабыр – ақыңды алуға шамаң жетіп тұрған кезде де өзіңді бір сәтке дәрменсіз қылу, сабыр – кішіпейіл болу, сабыр – әдеп атаулысының барлығын өз бойыңа жинау. Сабыр – нәпсінің ең ауыр сынағы. Сабыр Омар ибн ӘбдулАзиз айтқандай: «Амалдардың ең абзалы – нәпсі оны жасауға қиналатын амал».
Яхия ибн Муғаз: «(Әй, күнәһар!) Жәннат – адамның нәпсісіне жағымсыз істермен қоршалған. Ал сен оларды жақтырмай жүрсің. Тозақ – нәпсіге жағымды істермен қоршалған. Ал сен оларды іздеп жүрсің. Сенің халің ауыр дертке шалдыққан науқастың мысалындай. Егер ол дәрінің ащылығына сабыр етіп, дәріні ішсе, сабыры арқылы сауығып шығады. Ал егер дәрінің ащылығына сабыр ете алмаса, дерті ұзаққа созылады»¹⁹, – деді.
Омар ибн Зәрр (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Кім барлық істе сабыр етуге бекем шешім қабылдаса, сол адам бар жақсылықты өз бойына жинаған болады. Ол ізгілікке апарар барлық қорғандарды тауып, кемел сауаптарға қол жеткізеді»²⁰, – деген.
Табиғиндердің көзін көрген Суфиян әс-Сәури (Алла оны мейіріміне бөлесін) Али ибн әл-Хасанға айтқан өсиетінде былай деді: «Барлық жағдайда сабырлылықты ұстан. Өйткені сабыр адамды ізгілікке жетелейді. Ал ізгілік адамды Жәннатқа жетелейді. Және ашу-ызадан сақтан! Өйткені ашу бұзақылыққа жетелейді. Ал бұзақылық адамды тозаққа жетелейді»²¹.
Ал табиғин Суфиян ибн Уйайна: «Құлдарға берілген ең абзал нығмет – сабыр. Сол арқылы адамдар Жәннатқа да кірді»²², – деді.
Имам Самарқанди (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Біліп қой! Расында пенде ізгілердің қатарына тек сабыр етуі арқылы жетеді. Өйткені Алла Тағала Өзінің елшісін сабырға бұйырып былай деді: *«Олай болса, осы жолда барынша сабырлылық танытқан жігерлі пайғамбарлар сынды сен де сабырлылық таныт»*²³, – деді.
Дереккөздер:
¹⁸ «Сифатус сафуа», Ибн әл-Жәузи.
¹⁹ Жоғарыдағы дереккөз.
²⁰ «Хилятул әулиә», Әбу Нуғайм.
²¹ Жоғарыдағы дереккөз, 7/83.
²² Жоғарыдағы дереккөз, 7/305.
²³ Ахқаф, 35-аят.
материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,
ummet.kz