12 Қазан 2026, Дүйсенбі 1 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:27
Бесін 12:06
Екінті 15:42
Шам 17:33
Құптан 18:59

Зікірді қолмен санаған дұрыс па, тәспих тартқан дұрыс па?

Зікірді қолмен санаған дұрыс па, тәспих тартқан дұрыс па?

Йәсира (р.анһа): Пайғамбарымыз (с.ғ.с) әйел адамдарға былай деді: 


«Уа, мүмин әйелдер! Тәсбих (субханаллаһ), таһлил (лә иләһә иллаллаһ), тақдис (субханәл-мәликил-қуддус немесе суббухун құддусун раббунә уә раббул мәлә’икәти уар-рух) оқуды үзбеңдер. Оқығандарыңды саусақпен санаңдар. Еш күмәнсіз, қиямет күні саусақтар да басқа ағзалар секілді есепке тартылады. Қиямет күні саусақтарың жасаған жақсылықтарың немесе күнәлі істерің жайында куәлік етеді. Өйткені Алла тағала қасиетті кітабында былай дейді: “Сол күні тілдері, қолдары және аяқтары оларға жасаған істеріне куәлік ететін болады”. ("Нұр" сүресі, 24-аят)

Уа, әйелдер! Зікірден ғапыл қалып, (Алланың) рақымы мен зікірдің сауабынан құр қалып жүрмеңдер. Өйткені Алла тағала “Олар Алланы ұмытты, Алла да оларды ұмытты”, ("Тәубе" сүресі, 67-аят) – деп бұйырады».

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мүмин әйелдерге жасаған күнәлары саусақтарынан төгілуі үшін бұл сөздерді саусақтар арқылы санауға кеңес берді. Осыдан тәсбихты қолмен санау мәндуб амал екенін түсінеміз.

Сонымен қатар, бұл хадис шәрифтен, дене мүшелерін Алла разы болатын жерлерде қолданып, Исламда ұнамсыз, күнәлі істерден аулақ ұстау қажеттілігін ұғынамыз.

Сахабалар арасында да тәсбихті осылай тартатындар бар еді. Әбу Һурайраның (р.а.) мың түйіні бар жібі болатын. Ол онымен тәсбих тартып бітірмейінше ұйықтамайтын.

Тағы бір хадис шәрифте: «Тәсбих қандай жақсы еске салушы», – деп айтылған (Али ул-Қари, Мирқат ул-мафатих, 4-том, 1605-бет).

Имам Суюти (рах.) былай дейді: «Тәсбих зікірдің тоқтамауына көмекші. Өйткені оны көргенде оның зікір жасайтын құрал екенін білесіз, сөйтіп ол сізді зікір жасауға ынталандырады. Иә, Алланы зікір етуге себеп болған нәрсе қандай жақсы!»

Хасан Басридің (рах.) қолынан тәсбих көргендер: «Сіз осындай дәрежеге жетсеңіз де, әлі тәсбих тартасыз ба?» – деп сұрайды. Ол: «Мен Алланы жүрегіммен, саусағыммен және тіліммен зікір етуді ұнатамын» – деп жауап берген екен.

Зікірді қолмен санаған жақсы ма, әлде тәсбих тартып орындаған дұрыс па деген сұраққа Имам Суюти (рах.) былай жауап береді: «Расында, хадиске сүйенсек және қателесіп кетпейтін болса зікірді саусақпен санаған абзал. Ал шатасып кетемін десе, тәсбих тартқан дұрыс. Әулиелердің кейбірі өздерімен бірге тәсбих алып жүрген» (Суюти, әл-Минхату фис-Субха, 6-15).

материал «Дұғалар жинағы» кітабынан алынды, 

ummet.kz