21
Сейсенбі,
Мамыр

һижри

Исламда көп балалы болу жайында не айтылған?

Сұрақ-Жауап

Ислам дінінде көп балалы болудың артықшылығы нақтылы түрде айтылған. Өйткені ұрпақтың көптігі мұсылман үмбетінің көптігіне себепші болады. Ал, бұл өз кезегінде Пайғамбардың (с.а.с.) өсиетін орындау әрі оның (с.а.с.) Қиямет күні басқа пайғамбарлар мен үмбеттерден биік тұруына жәрдем деген сөз, қала берді, Құдай Тағаланың разылығына жеткізеді.

 Мал-жанның көптігі адамзат баласының болмысына жазылған. Тіпті, пайғамбарлардың өздері де ізгі ұлдарының көп болуын қалаған.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: قَالَ سُلَيْمَانُ بْنُ دَاوُدَ: لَأَطُوفَنَّ اللَّيْلَةَ عَلَى سَبْعِينَ امْرَأَةً تَحْمِلُ كُلُّ امْرَأَةٍ فَارِسًا يُجَاهِدُ فِي سَبِيلِ اللهِ، فَقَالَ لَهُ صَاحِبُهُ: إِنْ شَاءَ اللهُ، فَلَمْ يَقُلْ وَلَمْ تَحْمِلْ شَيْئًا إِلَّا وَاحِدًا سَاقِطًا أَحَدُ شِقَّيْهِ، فَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَوْ قَالَهَا لَجَاهَدُوا فِي سَبِيلِ اللهِ. قَالَ شُعَيْبُ وَابْنُ أَبِي الزَّنَادِ تِسْعِينَ وَهُوَ أَصَحُّ. رَوَاهُ البُخَارِيُّ.

Әбу Һурайрадан жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай деген: «Бірде Дәуітұлы Сүлеймен (а.с.): «Бүгін түнде жетпіс әйелге кірермін. Әрқайсысы Алла жолында күресетін жауынгерге жүкті болсын», – дейді. Сонда оның жолдасы: «Алла қаласа», – дейді. Алайда ол (Сүлеймен) оны айтпайды. Сонда олардың (әйелдердің)ешқайсысы да бала көтермей, тек жартыкеш түсік тастайды. Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Егер оны (яғни, «Алла қаласа» деп) айтса еді, (олар туылып) барлығы да Алла жолында күресер еді». Басқа риуаяттарда тоқсан әйел делінген, сол дұрысырақ. (Бұхари таратқан хадис).

Көп перзентті болып және соларға адал жолмен ризық іздеу – Раббының разылығына жеткізетін іс. Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Ғайыпты болжап айтудың күнә екені болмаса бес адамның жәннаттық болатыны туралы айтар едім:

  1. 1.Көп балалы пақыр кісі;
  2. 2.Күйеуі разы болған әйел;
  3. 3.Жарының жағдайына қарап қалыңмалын талап етпеген әйел;
  4. 4.Әке-шешесі разы болған бала;
  5. 5.Күнәсіне тәубе жасаған пенде».

Әдетте, жұбайлардың көп балалы болуларына кедергі келтіретін жайт – балалардың ризығын табу машақаты. Шынайы мұсылмандық сенім бойынша ризық беруші – бір Алла. Жер бетіндегі әрбір жан иесінің ризығын Жаратушы әу баста Өз жауапкершілігіне алған.

﴿وَمَا مِن دَآبَّةٍ فِي الأَرْضِ إِلاَّ عَلَى اللّهِ رِزْقُهَا وَيَعْلَمُ مُسْتَقَرَّهَا وَمُسْتَوْدَعَهَا كُلٌّ فِي كِتَابٍ مُّبِينٍ﴾

«Жер бетіндегі қандай жәндік болмасын, оның ризығы Аллаға тән. Ол олардың болатын орындарын және сақталатын орындарын біледі. Барлығы анық кітапта (жазылған)» (Һуд, 6).

Қазақтың «Бір қой егіз туса бір жусан артық шығады» дегені осыдан алынса керек.

Мұсылмандық қағида – демографиялық түйткілдің шешімі

Қазақ халқы талай ғасырлар бойы бодандықтың тауқыметін тартты. Жер бетінде басқыншылардан көп теперіш көрген халықтың бірі – қазақ халқы. Әуелі патшалы Ресейдің езгісінен көз ашпаған еліміз кейінірек қызыл империяның құрсауында қалды. Осы ғасырларда қазақ халқы талай қырғынды басынан өткерді.

Расында да кейбір ақындарымыз айтқандай «мың өліп, мың тірілген» ұлтпыз. Патшалы Ресей заманында империяның саны жағынан орыстан кейінгі екінші халық болған қазақты түрлі қырғындар, соғыс, аштықтар ұйымдастыру арқылы жоспарлы түрде азайту мақсаты алға қойылды. Ал қызыл империяның қанішерлігі одан асып түспесе, кем түспеді. Жиырмасыншы ғасырдың алдында алты миллион болған қазақ халқының ұзын-саны екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қолдан ұйымдастырылған қырғындардың салдарынан екі жарым миллионға бір-ақ сырғып, өз жерінде азшылыққа айналды. Құдай Тағаланың қалауымен өз тәуелсіздігіне қол жеткізген халқымыздың саны өз жерінде алпыс пайыздан енді ғана асып отыр.

Ұлтымыздың санын асырудың бірден-бір жолы, демографиялық мәселенің шешімі – діни құндылықтарға қайту. Ислам дінінің қағидаларын қатаң ұстанатын елдерде біздегідей демографиялық мәселенің жоқ екендігі белгілі. Бауырлас елдердегі жағдай керісінше, яғни тұрғындар санының шектен тыс көбею мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы жағдайдың өзі біздің еуропалық өмір салтын ұстанып, діни, ұлттық құндылықтарымыздан мүлдем алыстап кеткендігіміздің айқын белгісі.

Демографиялық мәселенің діни шешімін айтар болсақ, олар екеу: біріншісі – ерте үйлену, екіншісі – көп әйел алу. Көшпелі қазақ халқының санының күрт өсу себебін зерттеген орыс империясының зерттеушілері бұл халық арасында ерте үйлену, көп әйел алу үрдісінің көптеп кездесетіні туралы жазған. Сондай зерттеушілердің бірі былай дейді:

«Қазақтар орыс бастықтарының ұзақ уақыт бойы бойдақ болып өмір сүретіндігін түсіне алмайды. Әрбір қазақ, әсіресе, әйелдер жағы менен әрдайым: «Қатының бар ма?» – деп сұрайтын. Менен жағымсыз жауап алғаннан кейін олар: «Ең болмағанда қалыңдықты айттырған шығарсың. Қалыңмал төледің бе?» – деп сұрағын жалғастыратын. Оған да жағымсыз жауап алғаннан кейін олар басын шайқап: «Қалайша, киімі жақсы, мүлкі бар. Патша оған жалақы береді, ал ол бір өзі тұрады», – деп таңғалып, түсінбейді.

Әкесі үшін қаражаты жетіп тұрса да, ұлын үйлендірмеуі мін болып табылады. Және керісінше, баласын ерте жастан атастырғанды мақтаныш тұтады. Ал байлар тіпті балалар әлі жас болып, бірінші әйеліне үйленуге үлгермей жүргенде олар оған екіншісі айттырады. Бірінші әйелімен 5-6 жыл бірге өмір сүргеннен кейін екінші атастырған қыз бой жетіп, жетілуін есептеп, біріншісіне, мысалы, баласы 6-10 жас болғанда құда түседі, екіншісіне одан да жас қызды баласы 16-18 жасқа толғанда айттырады.

25-35 жасында үйленбеген қазақ туралы: «ол – әдепсіз, парықсыз, бос өмір сүруде» деп ойлайды; оны ұры, кезбе, қылмыс жасап, шекаралық не ордалық бастықтардың қуғынында жүрген, бір сөзбен айтқанда, әйел алып, шаруашылық жүргізуге қаражаты да, мүмкіндігі де жоқ адам деп топшылайды..».

Тағы бірде қазақ арасында кең тараған көп әйел алу үрдісі жайында былай дейді:

«Құранның негіздеріне сай діндар адамға бір мезгілде 4 әйелден артық әйел алуға болмайды. Кеткен әйелдің орнына ол басқа әйел алуына болады, бірақ саны төртеуден аспауы керек. Бірақ қаншалықты мүмкін болса, соншалықты күңге ие бола алады. Барлық қазаққа бұл ереже таныс, бірақ далаға барғанда бес, алты, тіпті одан да көп қазақ әйелі бар байларды көрдім».

Бұдан кей кейде қазақ байларының шариғат сызып берген шеңберден де асып түскендігін байқаймыз. Орыс зерттеушісі тағы былай дейді:

«Қазақтардың үйлену жасы арнайы бекітілмеген. Шариғат оқыған адамдар қыздар 14 жастан, жігіттер 16 жастан кіші болмау керек дейді.. Балаларын үйлендіруге асықпайтын ата-ана қызын 16-18 жасында күйеуге беріп, ұлын 18-22 жасында үйлендіреді. Кедейлер жағдайға байланысты не ерте, не кеш үйлендіреді».

Орыс зерттеушілері қазақтардың көп балалы болатындығы туралы да жазған. Мағлұматтар «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» (жауапты редакторы  С. Әжіғали, «Арыс» баспасы, 2005 ж.) атты кітаптан алынды.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дейді халық нақылы. Аталған мағлұматтардан қазақ халқының ілгеріректе шариғат қағидаларымен өмір сүргендігін байқаймыз. Соның арқасында демографиялық, тағы басқа түйткілдердің тіпті орын алмағандығы байқалады.

Ал қазіргідей жаһандану заманында діннен, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық ерекшеліктерден алыстаудың салдарынан демографиялық түйткіл алдымыздан шықты. Сөз жоқ, бұл мәселенің бір-ақ шешімі бар. Ол – Алланың дініне қайту, шариғаттың шарттарына бой ұсыну, сол арқылы ұрпақ жалғастығы туралы түсінікті өзгерту. Сонда ғана дүниелік һәм ақыреттік түйткілдердің түйіні ағытылары хақ. Өйткені бұл шешім – Алла Тағаланың әмірі әрі Пайғамбардың (с.а.с.) пәрмені.

Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіме амал етпесе, ол менен емес. Сондықтан да үйленіңдер, мен Қиямет күні басқа үмбеттерге сендердің көптіктеріңмен мақтанатын болайын».

fatua.kz 

Бөлісу: