27
Сенбі,
Сәуір

һижри

Көлік қағып кеткен адамның өлімі жазым ба, ажал ма?

Көлік қағып кеткен адамның өлімі жазым ба, ажал ма?

Пәтуа

«Жазым» дегеннің мағынасы «тағдыр» дегенге саяды. Қазақта «жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Яғни, тағдырда жазылғаннан қашып кете алмайсың деген ұғымда.

«Ажал» – «уақыт» және «өлшеулі мерзім» дегенді білдіреді. Ажал – әркімнің бұ дүниедегі дәм-тұзының таусылып, бақиға аттанатын сәті. Құран Кәрімде былай делінеді: "Барлық үмбеттің ажалы бар. Ажалдары келген кезде, бір сәт болсын кешіктіре де, ертелей де алмайды".  (Ағраф сүресі, 34 аят).

Әһли сүнна сенім негізі бойынша, әркім өз ажалымен өледі, мейлі біреудің қолынан қаза тауып өлген болсын, мейлі көлік қағып опат болған болсын, ол – ажалы келгендіктен қайтыс болып отыр. «Ажалынан бұрын өлді» деген сөз Ислам сенімі негізіне теріс. Бірақ, адамның өміріне қастандық жасаған қылмыскер өз қылмысы үшін ауыр күнә табады. Ол өзінің таңдау еркімен жасаған қылмысы үшін, бұ дүниеде де, о дүниеде де жауап беруі тиіс. Сол үшін шариғатта «қысас» жазасы реттелген. «Бәрібір өледі екен, менің кінәм жоқ» деп құтылып кету жоқ. Сондай-ақ, қателікпен адам өлімін тудырған кісі де белгілі дәрежеде жауап берері сөзсіз. Шариғатта, қателікпен адам өлтірген кісі «диет» төлейді, яғни өлген адамның құнын төлейді. Диет құнын төлеумен қоса кәффәрат та өтеуі керек, яғни бір құл азат етуі тиіс, егер оған күші жетпесе екі ай үзбей ораза ұстауы ләзім.

материал «Заман тудырған сұрақтар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: