20
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Жамандық пен пәлекеттерден сиыну үлгісі

Жамандық пен пәлекеттерден сиыну үлгісі

Бір аят тәпсірі
Жарнама

Адамдардың барлық жамандық пен пәлекеттерден Алла Тағалаға қалай сиынып, қалай Оның қорғанына кіру жолдары айтылады.

  1. «قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ» – «Айт: Таңның Раббысына сиынамын». Сиыну мақсаты – қорыққан кісі сақтану үшін өзге біреуді арқа сүйеп, паналайды. Сиынған адам бір нәрседен қорқып, оған шамасы жетпейтінін сезген кезде, қуатты біреуге сиыну қажеттілігін сезінеді. Һәм сиынушы өзінің паналағаны, қорыққан нәрселерге күші жетіп, оны қорғай алатынына бек сенеді[1].

Сүренің басындағы «قُلْ» – «айт»сөзі – уахидың бір бөлігі. Аллаһ Елшісінің пайғамбарлық хабарының бір бөлігі. Бұл жарлық әуелі Пайғамарға айтылғанмен бұдан басқа да әрбір мұсылманға айтылған жарлық.

«بِرَبِّ الْفَلَقِ» – «Фәлақтың Раббысына». Жаратушы, өліден тіріні тіріден өлі шығарушы және қараңғылықты жарып, таңды ашушы. Бұл аяттағы «Фәлақ» сөзі – қазақ тілінде «жарып шығару» мағынасына саяды. Бұл жерде шамасы «фәлақ» қараңғылықтың жарылуынан пайда болған таң уақыты, яғни, таң құланиектеніп айналаға сәулесін шашқан жарық, яки, таң бозарып атқан сәттегі, шапақты меңзейді. Бұл қазақ тіліндегі «таң» деген сөз. Көптеген тәпсіршілер бұл аятты жалпыға танымал «таң» мағынасымен тәпсір етуді жөн көрген. Ендеше, осы мағынаға сай «Раббул-Фәлақ» «Таңның Раббысы» деп тәпсір еткен. Яғни, «таңды атырушы, шығарушы» деген сөз. Түн жамылып, қараңғылықта қалған пенденің қалай таңның атуын күтсе, қорқыныштың қараңғылық қапасында қалған адам баласы да, азаттық пен қуаныш нұрының атуын қалайды. Түн өзінің қараңғы жамылғысын түрген кезде, таң бозарып атып, жарық келеді. Бұл мағынасында біз қиыншылықтан кейін жеңілдік пен кеңшіліктің келетінін ұғамыз. Бірақ, бұдан басқа да Аллаһ Тағала жарыққа жарып шығарған барлық нәрселерді де меңзеген болуы ықтимал. Жердің жарылуы арқылы дүниеге шыққан күллі өсімдіктер мен жасыл желектер, таулардың арасынан тасты жарып шығып, сарқырап аққан сулар мен сылдырап күнге шағылысқан бұлақтар, жөңкіле көшкен бұлттардан сіркіреген жауындар, құрсақтан босап, дүниеге шыққан нәресте, дақылдардан шыққан бүршіктер. т.б. барлық жаратылыстар осы «фәлақ» сөзінің аясына саяды.

Кейбір тәпсіршілер «Раббул-иншиқақ» «жарылғандардың Раббы» деуге әлдеқайда лайық деп өз жорамалдарын айтқан. Бұл мағына – адамдардың жүрегінің елжіреп, жүрегінде мағрипат тағылымдарының бүршік жаруынан бастап, ғаламзаттағы күллі жарылыстарға дейін қамтиды. Шынында да, ұшы-қиыры жоқ шексіз әлемді біртұтас болып тұрған шағында, оны қазіргі түріне әкеліп, арнайы бір жүйе құрған Хақ Тағаланың ұлылық тұрғысынан сөз етілуі

«قُلْ أَعُوذُ بِرَبِّ الْفَلَقِ» – «Қул аузу би Раббил-фәләқ»(Айт: күллі жаратылыстың Раббысына сиынамын) деуге әлдеқайда лайық. Сондықтан бұл аят ғаламзаттың жоқтан бар, жарылысынан бастап, күннің Аллаһ Тағаланың жаратуымен бар болғанына дейін барлық жарылыстарды қамтиды.

Бұл жерде Аллаһтың зат есімінің орнына сипат есімі болған «Раббтың» қойылуының хикметі мынау:

Рабб, яғни, «тәрбиелеуші», «өсіруші» сипатының сиыну халіне әлде қайда лайық келуі. Яғни, «بِرَبِّ الْفَلَقِ» «би-Раббил-фәлақты» (жаратылыстың Раббы) «Таңды аттырып, жаратқан Рабб» деп түсінсек аяттың мағынасы:

«Түн қараңғылығынан күндіздің жарығына шығарған Раббқа сыйынамын. Ол Рабб түннің кесапатынан шығарып, күндіздің амандығына жеткізген».

 

[1] Уәһбә Зухәйли. әт-Тәфсирул-мунир, 15-том, 877-бет.

Бөлісу: