20
Дүйсенбі,
Мамыр

һижри

Пайғамбардың (с.ғ.с) жақын туыстарын дінге шақыруы

Пайғамбардың (с.ғ.с) жақын туыстарын дінге шақыруы

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Дінге шақыру құпия жүргізілген үш жылдың ішінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір топ адамның жүрегіне жол тауып, шақыруына жауап алды. Иманға келген жас мұсылмандар Алла елшісінің (с.ғ.с) насихаттарын ешбір күмән келтірместен қабыл алды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) соңынан ерген әрбір мұсылманның тәлімгер ұстазы болды. Оларға үнемі дінді үйретіп, оның мәнін түсіндірді. Сахабаларын жүрек тазалығы мен жақсы қасиеттерге жетелеп, оларды бауырластыққа, бір-біріне жақсы қарым-қатынас жасауға, өзара ынтымақтастыққа, бір-біріне көмек қолын созуға, сүйеніш, қорған болуға үндеді. Осыдан кейін бір-біріне сүйеніш болатын, дінді жеткізуге, оны аяғында нық ұстап тұруға дайын бір топ мүмін қанаттанды. Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) енді Исламды ашық түрде уағыздаудың кезі жеткен-ді. Сол кезде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) тайпаластарына Алланың дінін ашық жариялауды, олардың теріс ұстанымдарына тойтарыс беруді, пұт құдайларына шабуыл жасауды жүктеген уахи түсті.

Дінді ашық уағыздауға бұйырған ең алғашқы уахи – Алла Тағаланың «Ең жақын туыстарыңа ескерт!» деген сөзі. Осы аят тсүкен сүренің бас жағында Мұсаның (аләйһис-сәләм) пайғамбарлық міндетінің басталуынан оның Исраил ұрпақтарын ертіп Мысырды тастап шығуы, олардың Перғауын мен оның елінен құтылуы баяндалған. Бұл Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бен оның сахабалары дінді ашық уағыздаған кезде оларға да жұрт сенбей, өтірікші санайтындықтарын, олардың да қысымға ұшырап, зәбір көретіндіктерін ескерту болатын.

Осы аят түскеннен кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің жақын туыстары – Һашим әулетінің өкілдерін жинады. Алла елшісіне (с.ғ.с) олармен бірге Мутталиб ибн Абдуманаф әулетінен де бір топ адам келді. Келген адамдардың саны қырық бес кісідей болатын. Пайғамбар (с.ғ.с) олармен сөйлескісі келгенде Әбу Ләһәб оның алдын орап, сөз берместен: «Бұлар – сенің көкелерің мен олардың ұлдары. Айтар сөзіңді айт та, дініңнен безуіңді қой. Руластарыңның бүкіл арабтарға қарсы шығуға күші жетпейтінін біліп қой. Мен сені тойтаруға көбірек құқылымын. Сені әкеңнің әулеті қорғайды. Егер (дініңді жарияламастан) бұрынғы қалпыңда жүрсең, бұл сенің кесіріңнен оларға бүкіл арабтар қолдайтын құрайыштың тумаларының көтерілуінен жеңілірек. Әкесінің туыстарына сен келгендей жамандық әкелген ешкімді көрген емеспін», – дейді. Оның сөзінен соң Алла елшісі (с.ғ.с) туыстарымен бұл жиында сөйлесуді қаламады.

Содан кейін Пайғамбар (с.ғ.с) туыстарын екінші рет шақырып, сөзді өзі бастап: «Барлық мақтау Алла үшін. Оған мақтау арнаймын және Одан жәрдем тілеймін, Оған иман келтіремін әрі Оған арқа сүйеймін. Алладан өзге ешбір құдай жоқтығына куәлік беремін, Ол жалғыз Өзі, Оның ешқандай серігі жоқ. Ақиқатында, шолғыншы туыстарына өтірік айтпайды. Одан өзге ешбір құдай жоқ Алламен ант етемін! Ақиқатында, мен Алланың сендерге арнап және барлық адамдарға жіберген елшісімін. Алламен ант етемін! Әлбетте, сендер ұйықтайтындарың тәрізді өлесіңдер. Әлбетте, сендер оянатындарың тәрізді қайта тірілесіңдер. Әлбетте, сендерден істейтін амалдарың үшін есеп алынады. Ақиқатында, (одан кейін) мәңгілік жәннат немесе тозақ болады», – деді.

Оның сөзінен соң Әбу Талиб: «Біз саған көмектесуді бәрінен артық қалаймыз, насихатыңа бет бұрамыз әрі сөзіңе кәміл сенеміз. Мына жиналғандар – сенің әкеңнің туыстары. Мен олардың бірі ғанамын. Бірақ мен өзің қалайтынға бұлардың бәрінен артық ұмтыламын. Өзіңе бұйырылғанды орында. Алламен ант етейін, мен сені қорғап, қанатымның астына алуымды доғармаймын! Алайда ішкі дүнием Абдулмутталибтің дінінен қол үзуіме мүмкіндік берер емес», – деп ағынан жарылды. Мұны естіген Әбу Ләһәб: «Алламен ант етейін, бұл жақсылық емес. Басқалар сазайын бермей тұрғанда оны қолынан ұстаңдар», – деп байбалам салды. Оның байбаламын Әбу Талиб: «Алламен ант етемін! Тірі тұрғанымызда міндетті түрде оған қорған боламыз», – деп кесті.

материал «Мұхаммед пайғамбар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: