18
Сенбі,
Мамыр

һижри

Сахабалар мен табиғиндердің хадистерді анықтауы

Сахабалар мен табиғиндердің хадистерді анықтауы

Ислам тарихы

Сахабалар хадистерді өзара талдаумен қатар кез келген діни мәселе қозғалғанда, әуелі сол мәселеге қатысты сүннеттің үкімі бар-жоғын толық қарастыратын. Қай-қайсысы да өтірікке жуымайтын шыншыл бола тұра, сүннеттің маңызын, шариғат үкімдерін белгілеудегі маңызы зор екенін білгендіктен, естігендерін бірден қабылдай салмай, әуелі дұрыс-бұрысын нақтылағанды жөн көретін. Яғни олар есте сақтау қабілеті мықты болумен қатар анық-қанығын зерттеуді де өздеріне әдет еткен.

Бірде әлдебір әйел немересінің мирасынан өзіне үлес алмақ ниетпен Әбу Бәкірге (р.а.) жүгінеді. Әбу Бәкір (р.а.): «Құранда немеренің мирасынан саған үлес тиетіні жайлы ешбір аят жоқ, оған қоса, Расулалланың да бұл мәселеге қатысты пәтуасы жоқ деп білемін», – дейді. Мұны естіген Муғира ибн Шуғба (р.а.): «Расулалла (с.а.с.) әжелерге немересінің мирасының алтыдан бірін беруші еді», – дейді. Әбу Бәкір (р.а.) «Бұл мәселеге куә болған, айтқаныңды айғақтап, нақтылайтын басқа адам бар ма?» – деп сұрайды. Сонда Мұхаммед ибн Мәслама: «Мен де Расулалладан дәл осылай естігенмін», – деп, Муғира ибн Шуғбаны қолдайды. Әзірет Әбу Бәкір (р.а.) мәселені нақтылаған соң, әлгі кейуанаға немересінің мирасының алтыдан бір бөлігін бергізеді.

Әлсіз хадистердің бірінде Расулалланың (с.а.с.) «Діндеріңнің жартысын мына Хумайрадан үйреніңдер»63 деп көрсеткен асқан зерек әрі ақылды, әрбір нәрсенің түп негізін барынша нақтылап зерделеуде алдына жан салмайтын Айша анамыз (р.а.) Алла расулының «Есепке тартылған кісі міндетті түрде азапқа душар болады» дегенін ести сала, «Сіз солай дейсіз, бірақ Құранда кейбіреулерді меңзеп «Сосын есеп береді де, жеңіл тергеуге алынады» делінген емес пе?» – деп жоғарыдағы хадисін нақты түсіндіріп беруді өтінеді. Сонда Пайғамбарымыз: «Уа, Айша, сенің айтып отырғаның – арз мәселесі (яғни есеп беру, қолда барды тапсыру дегенді білдіреді). Баршаның есебі Аллаға апарып тапсырылады. Ал менің айтқым келгені – тергеу, есеп алу сәтінде Алла алдында құл істегендерін мойындамай қарсылық білдірсе, сонда Алла оның істегендерін жеке-жеке санамалап шығатын болады, мұндайда әлгі құлдың шаруасы бітті деген сөз», – деп жауап береді.

Осы орайда сахабалардың естігендерін міндетті түрде нақтылап, айқындайтындығына қатысты және Құранның 7 түрлі оқылу түрімен (уәжһ) түсірілгендігі туралы көптеген қайнар көздерде баяндалатын бір оқиғаны мысал ретінде бере кетейік.

Бұл оқиғаны жеткізген көптеген хадисшілердің ішіндегі әйгілі Бұхаридің риуаятында әзірет Омар былай дейді: «Бір күні намазда Хишам ибн Хакимнің «Фурқан» сүресін оқып тұрған сәтіне тап келдім. Расулалла (с.а.с.) бұл сүрені маған бөлектеу, басқаша әріптермен, өзгеше мақаммен үйреткен болатын. Намазын бітіріп, сәлем бергенге дейін қасында күтіп отырдым. Сәлем бере салысымен, жағасынан алып: «Бұл сүрені осылай оқуды саған кім үйретті?» – дедім. Ол сүренің оқылуын Расулалладан естігенін айтуы мұң екен, мен оған дес бермей: «Өтірік айтпа, өйткені Расулалла маған бұл сүрені басқаша үйреткен», – деп оны қолынан жетектеген күйі Алла расулына алып келдім. Келе салысымен, «Уа, Расулалла! Мына кісі «Фурқан» сүресін сенің маған үйреткеніңнен басқаша әріптермен оқыды», – дедім. Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Қоя бер оны» деді де, Хишамға қарап: «Уа, Хишам, қане, «Фурқан» сүресін оқышы», – деді. Хишам әлгінде оқығанындай, мен естігендей қылып, сүрені аяғына дейін оқып шықты. Оқып болғанда, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Дұрыс оқыды, сүре осылай түскен», – деді. Сосын маған қарап: «Ал, енді сен оқышы, Омар!» – деді. Мен де әуелде маған өзі үйреткендей етіп, оқып шықтым. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұл жолы да «Иә, осылай түсірілді», – деді де, «Күдіксіз, Құран Кәрім жеті әріптің66 негізінде түсірілді. Сендерге қайсысы оңай тисе, солай оқыңдар», – деп сөзін аяқтады».

Бір күні Әбу Мұса әл-Әшғари әзірет Омардың үйіне келеді. Табалдырыққа жақын келіп, есікті үш рет қағады. Іштен «кір» деген дауыс естімеген соң, келген ізімен кері қайтады. Омар (р.а.) шаруасын бітірген соң, «Абдулла ибн Қайстың даусын құлағым шалғандай болды, рұқсат етіңдер, ішке кірсін», – дейді. Қасындағылар оның қайтып кеткенін айтады. Әзірет Омар (р.а.) артынан адам жіберіп, Әбу Мұсаны шақыртып алады да, «Неге күтпедің?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Мұса (р.а.) тұрып: «Расулалла бізге: «Бір жерге кірмек болсаңдар, алдымен есікті үш рет қағып рұқсат сұраңдар, егер рұқсат берілмесе, кері қайтыңдар», – деген еді», – дейді. Әзірет Омар: «Мен бұл айтқаныңды естімеппін, бұған куәң бар ма?» – деп сұрайды. Әбу Мұса (р.а.) Пайғамбар мешітіне келіп, мән-жайды сол жерде жиналған сахабаларға баяндайды. Үбәй ибн Кағб: «Мұны нақтылау үшін жасы үлкендерді жіберіп әурелеудің қажеті жоқ, өйткені мұны жастардың өзі де жақсы біледі», – деп куәлікке Әбу Сағид әл-Худриді Омарға (р.а.) жібереді.

Омар (р.а.) мән-жайдың анық-қанығына көз жеткізген соң: «Мен саған кінә артайын деген ниеттен аулақпын. Бар ойым: кез келген біреудің «Расулалла айтқан» деп өтірік қауесет таратуынан қауіптенемін», – дейді.

материал «Сүннет энциклопедиясы» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: