10 июля 2026, Пятница 25 мухаррам 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 02:15
Восход 04:06
Зухр 12:25
Магриб 20:33
Иша 22:24

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

Рамазан айының жақындауына байланысты ораза жайында сұрақтар жиі қойыла бастады. Соның бірі оразаны бұзбайтын жайттар турасындағы сауалдар еді. Төменде біз оразаны бұзбайтын жағдайларды баяндаймыз:

  • Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадистерінде: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде – Алла»[1]. Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес»[2] - делінген. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.
  • Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте, намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Алла Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар»[3], – дейді.
  • Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған[4].
  • Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.
  • Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.
  • Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану – сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып жуу.
  • Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.
  • Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.
  • Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.
  • Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза бұзылмайды.
  • Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.
  • Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.
  • Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.

[1] Муслим, Сиям, 171.

[2] Ибн Мажә, Сиям, 15.

[3] Маида, 5/6.

[4] Бухари, Тыбб, 11.