12 октября 2026, Понедельник 1 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Восход 06:27
Зухр 12:06
Аср 15:42
Магриб 17:33
Иша 18:59

Қонаққа тағам ұсынудың бес әдебі

Қонаққа тағам ұсынудың бес әдебі

Құрметті қонаққа тағам ұсынудың бес әдебі бар:


1. Бірінші әдебі – тағамды жылдам әкелу. Бұл қонаққа деген құрмет. Алла елшісі (с.а.с.) бір хадисінде: «Аллаға және ақырет күніне иман еткен адам қонағына құрмет көрсетсін»⁵⁵, – деген.

Көпшілік адам жиналып, шақырылған уақыт болғанымен, бір-екі кісі кешіккен жағдайда, келген адамдардың ақысы алға шығарылып, дастархан жайылады. Алайда кешіккен адамдар пақыр не күтпегенге бола ренжіп қалатын адамдар болса, күткенде тұрған ештеңе жоқ.

Алла тағаланың: *«(Уа, Мұхаммед!) Саған Ибраһимнің құрметті қонақтары жайлы (ғибратты) әңгіме жеткен бе еді?!»⁵⁶ аятындағы «құрметтелген» сөзінің мағынасы «Тамақтары дереу тартылды» дегенді білдіреді. *«Сөйтті де бірден үй ішіндегілерге барып (құдайы қонақтарға арнап) семіз тананың етін пісіріп әкелді»**⁵⁷ деген аят осыған дәлел болады. «Рауған» сөзі асығыс бару дегенді білдіреді.

Хатами-Әсәм: «Асығыстық – шайтаннан. Тек бес нәрсеге асығу сүннет, олар: “Қонаққа тамақ беруге, мәйітті жерлеуге, бой жетіп отырған қызды ұзатуға, қарызды өтеуге, күнәға тәубе жасауға”», – деген.⁵⁸ Тойдың алғашқы күні тағам беру – сүннет, екінші күні – әдет, ал үшінші күні – рия.

2. Тағамды кезегімен қою. (Асқазанға пайдасы тұрғысынан) егер болса, алдымен жемістерді қою. Медициналық тұрғыдан да дұрысы осы. Өйткені қорытылуы әлдеқайда жеңіл. Құран Кәрімде де осы тәртіп айтылып: *«Сондай-ақ (аталмыш қызметшілер жұмақтықтарға) өздері қалап таңдап жейтін жеміс-жидектің түр-түрін, көңілдері соққан алуан түрлі құс еттерін (ұсынып бәйек болып жүреді)»*⁵⁹ – делінген.

Жемісті еттен бұрын беру қажет. Жемістен соң ет не тирит сорпасын берген жақсы (қамырдан жасалатын тағам). Өйткені Алла елшісі (с.а.с.): «Айшаның басқа әйелдерден артықшылығы, тирит сорпасының басқа тағамдардан артықшылығы секілді», – деген. Осыдан кейін тәтті алып келуге, әртүрлі дәмді тағамдар ұсынуға болады.

Алла Тағаланың Құран Кәрімде Ибраһимнің (а.с.) қуырылған қозы етін (бурян) ұсынғанын және оның зор құрмет екенін хабарлауы ет тағамының сыйлы тағам екеніне дәлел. Сондай-ақ Алла тағала дәмді тағамдарды сипаттау барысында: «Өздеріңе ризық етіп бергендеріміздің адалынан, пайдалысынан жеңдер!» – деп *«Сендерге ризық ретінде “мәнна” тәттісі мен бөдене құсын түсірдік»*⁶⁰, – деген.

Етке салуа деген аттың берілуі еттің басқа тағамдардан жоғары орын алып, жеген адамды тыныштандырумен қоса, жанын жай таптыруынан. Еттің орнын ешбір тағам баса алмайды. Сол себепті Алла елшісі (с.а.с.): «Тағамдардың төресі – ет», – деген. Алла тағала бал мен етті сипаттаған соң: «Өздеріңе ризық етіп бергендеріміздің адалынан, пайдалысынан жеңдер!»⁶¹ деген. Бұл да ет пен тәттінің тағамдардың ең жақсысы екенін білдіреді. Әбу Сулеймен әд-Дарани: «Тағамдардың жақсысын жеу – Алла тағаланың разылығын алып келеді», – деген.

Бұл ұсынылғандардың барлығы – таза және дәмді тағамдар, соңы суық су ішіп, қолды жылы сумен жуумен толығады. Мәмун:⁶² «Салқын су ішу Аллаға шүкіршілікті шынайы етеді», – деген. Әдеп жолы ұстаздарының бірі: «Достарын шақырып, оларға хасрамия⁶³ және борания⁶⁴ ұсынып, артынан суық су ішкізсең, қонақ кәдені толық орындағаның», – деген.

Ілгеріде кей кісілер қонақтарына ақша сыйлайтын да болыпты. Сондай дастарханда даналардың бірі үйдің иесіне: «Жақсылап піскен нан, сірке су және бір шыны суық су болса, жетер еді. Осыншалықты шашылудың еш қажеті жоқ», – деген. Даналардың тағы бірі: «Бір табақ тағамның үстіне қойылған бір тәтті басқа тағамдардан жақсы. Бір түрлі тағаммен тою әртүрлі тағаммен тоюдан жақсырақ», – деген.

Жасыл көкөністер тұрған дастарханға періштелер де келеді деген сөз бар. Осындай жасыл көкөністермен дастарханды түрлендіру мұстахаб. Бізге жеткен хабар бойынша, исрайылдарына түскен дастарханда порей пиязынан басқа көкөністердің барлық түрі болыпты. Сондай-ақ бұл дастарханның бас жағында сірке, аяқ жағында тұз, балық және үстінде зәйтүн мен бірнеше анар бар жеті нан болыпты. Дастарханның осылай безендірілуі Алладан түскен дастарханға ұқсайтын болғандықтан, адамның тәбетін арттыратын әрі керемет дастархан болары анық.

3. Тағамның ең дәмділерін бірінші ұсынған жөн. Сонда қонақтар сол тамақтан алып, артынан басқаларынан алуына қажеттілік болмайды. Бірақ құмар адамдар көп тамақтандыру үшін алдымен ауыр, артынан жеңіл тамақтарды дастарханға қойып, қажетінен артық жегізеді. Ал бұлай ету сүннетке қайшы, денсаулыққа зиян.

Алайда бұрынғы кісілер тағамдарды ортаға қойып, әркім қалағанынша қарын тойғызған. Дегенмен тым көп жемейтін. Үй иесінің басқа тағамы болмаса: «Бары осы. Осымен қарын тойдыруға тырысыңыздар» – дейтін.

Тіпті кейбір мәрт адамдар қонақтарына өзі тағам тізімін ұсынғаны да айтылады. Шамда Ирактан келген бір шейхке дастархан жайып, алдына бір тамақ қояды. Шейх: «Иракта бұл тағамды ең соңында беретін еді» дегенде, шамдықтар: «Бізде де солай. Бірақ бұл адамның басқа тағамы жоқ. Алғашқысы да, соңғысы да осы», – дейді. Шейх ұялып қалады.

Басқа бір адам мына әңгімені айтқан: «Бірнеше кісі бір үйде қонақта отырғанбыз. Бізге бастың етінен қайнатып, бұқтырып пісірген тамақ алып келді. Одан аздап ауыз тидік. Бірақ қарнымыз тоймай тұрып жайына қалдырдық. Өйткені біз оның үстіне басқа бір тамақ, ең құрығанда, жеміс келеді деп ойлаған едік. Өкінішке орай, әлгі тамақты алып кеткен соң, қол жууға леген-құман алып келгенде бір-бірімізге қарадық. Сол кезде үлкен кісілердің арасынан әзілкеш біреу: “Алланың денесіз бас жаратуға да күші жетеді”, – деді».

Осы оқиғаны баяндаған адам тағы: «Біз сол күні сәресіге дейін нанның қалдықтарына зар болып аш жаттық», – деген. Сол себепті барлық тағамды ортаға қою керек және басқа тағамның жоқ екенін хабарлау міндет.

4. Қонақтар толық тамақтанып болмай табақты алмаған жөн. Өйткені соңғы жағын жегісі келетіндер де болуы мүмкін. Тағамның қалғанын жеу ол үшін басқа тағам жегеннен де хайырлы болуы ықтимал.
Сопы әрі өте әзілқой адамдардың бірі әс-Сатури⁶⁵ былай дейді: ілгері өткен бірнеше адаммен бірге сараң байдың үйіне қонаққа бардық. Бір қозының етін алып келді. Қонақтар қозыны бөліп-бөліп жей бастады. Бұны көрген сараң бай шыдай алмай, еттің жартысын жеп бітірмесек те, қызметшісіне: «Қозыны алып кет. Балалар жесін», – деді. Мен қызметшінің артынан жүгірдім. «Қайда барасың?» дегендерге «Балалармен бірге тамақтануға бара жатырмын», – дедім. Осыдан кейін сараң бай ұялып, қозының етін алдымызға қайта қойғызды.

Сондай-ақ қонақтар тамақтанып болмай тұрып, үй иесі өзі де тамақтануды доғармағаны жөн. Өйткені қонақтардың арасынан ұялып, жегісі келсе де жей алмай қалатындар болуы мүмкін. Кезінде кейбір жомарт кісілер тағамның түрлерін қонақтарына айтып, тамақтануды олардың өз еркіне қалдыратын болған. Олар тамақтанып болған кезде өзі келіп, «Бисмилләһ» деп қолын тамаққа салып: «Қане, маған серік болыңыздар», – деп, олардың жақсылап тойып алуына көмектесетін. Сахабалар оның бұл қылығын ұнататын.

5. Дастарханға жеткілікті тағам алып келген жөн. Аз тамақ қою – жомарттыққа жатпайды. Ал тым артығы да, егер қонақ қойған тамақты толық жей алмаса, ысырап және рия болады. Бірақ шын көңілмен қонақтың тамақтың барлығын жегенін қалап, қалған тамақпен берекеттенуді көздесе, онда еш зарары жоқ.

Бірде Ибраһим ибн Адхам дастарханға көп тамақ қояды. Суфиян әс-Сәури: «Не істеп отырсың? Ысырап болады деп қорықпайсың ба?» – дегенде, Ибраһим: «Қонақтың алдына қойған тамақта ысырап болмайды», – деген. Осындай мақсат болмаған жағдайда дастарханға көп тамақ қою – әурешілік.

Ибн Масғуд (р.а.): «Тамағымен рия жасаған адамның шақырған жеріне барудан қайтарылдық», – деген. Сахабалардың көпшілігі ондай адамдардың дастарханынан тамақтануды жақтырмаған. Сол себепті Алла елшісінің (с.а.с.) алдындағы тамақ артылмайтын. Өйткені олар дастарханда қажетінен артық ас қоймайтын, тіпті толық тойып тамақтанбайтын.

Әдептердің тағы бірі – пісірген тағамнан ең бірінші өз отбасы мүшелеріне бөліп берген жөн. Өйткені олардың қонақтың алдындағы тағамға қызығып отырғаны жақсы емес. Егер олай жасамаса, олар қонақтың алдындағы тағамның артылғанын күтеді. Ал ештеңе артылмаса, көңілдері түсіп, қонаққа қатысты күңкіл сөздер айтуы мүмкін. Осылайша, қонаққа бала-шағасының нәпақасын аузынан жырып беру арқылы оларға қиянат жасайды.

Қонақтың дастарханда артылған тағамды алып кетуге ақысы жоқ. Сопылар бұлай жасауды ұсақтық деп білген. Алайда үй иесі шын көңілмен рұқсат берсе не артылған тамақты алып кеткеніне қуанатынын білсе, онда алып кетуіне болады. Ал жақтырмайтынын білсе, алмағаны жөн. Үй иесінің разылығын алған соң ғана артылған тамақты достар арасында теңдей бөліп, әркім өз үлесіне тигенді алады немесе шын көңілден ұсынғанын ғана алады.

_________________________________________________________________________

⁵⁴ Ағраф, 7/32.

⁵⁵ Бухари мен Муслим Сурайжден риуаят еткен.

⁵⁶ Зәрият, 51/24.

⁵⁷ Зәрият, 51/26.

⁵⁸ Термези Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) риуаят еткен.

⁵⁹ Уақиға, 56/20–21.

⁶⁰ Бақара, 2/57.

⁶¹ Бақара, 2/57.

⁶² Аббаси халифаларының бірі және Харун Рашидтың ұлы.

⁶³ Жүзімнің сабағынан жасалатын тағам.

⁶⁴ Мәмунның уәзірі, Сәһлдің қызы Боран ойлап шығарған жеңіл тамақ. Боранға байланысты «Борани» деп аталады.

⁶⁵ Сатури падишахтардың есігінің алдында бақылаушы ретінде тұратын және қағбаның пердесін таситын кісілерге берілетін ат. Бұл атпен танылған екі кісі бар. Бірі Әбу Хасан Али ибн әл-Фадл, екіншісі, Абдулазиз Мұхаммед ибн Наср. Ал біз айтып отырған кісінің бұларға қатысы жоқ.

материал Имам Ғазалидің «Тамақтану әдебі» кітабынан алынды, 

ummet.kz