Намазда әйел үшін ең абзалы – өзін барынша жинақы ұстау.
Ханафи ғалымдары әйел намазының ерекшелігін бір сөзбен түсіндірген. «Өйткені бұл – ол үшін көбірек жабық (ұятқа жақын)».
Бұл қағида әл-Һидая, Бадаиғ әс-Санаиғ сияқты негізгі фиқһ кітаптарында айтылады. Пайғамбар (с.ғ.с) былай деп айтқан: «Әйел – әурет». (Имам Табарани «әл-Муъжам әл-Әусат», 2890).
Бұл хадис әйелдің денесін жабуы мен қимыл-қозғалысын да ұятқа сай етуі керек екенін көрсетеді. Сондықтан намаздағы әрбір қимыл да жабықтық (сәтр) қағидасына сәйкес болуы керек.
Жинақы болу – жай ғана жалпы ұғым емес, нақты қимылдармен көрінеді:
1. Рукуғта:
Әйел аз ғана еңкейеді;
Саусақтарын жаймайды;
Шынтақтарын денесіне жақын ұстайды, ер адам сияқты кең тұрмайды.
2. Сәждеде:
Қарнын санына тигізеді;
Шынтақтарын жаймайды;
Денесін жерге жақын ұстайды;
Шынтағын жерге жабыстырады.
Бұл – ең айқын «жинақылық» көрінісі.
3. Отырыста:
Аяқтарын бір жаққа шығарып отырады;
Денесін жинақы ұстайды. Бұл да әуретті көбірек жабады.
4. Қол көтеруде:
Қолды иық деңгейінен асырмайды;
Қолдарын жинақы көтереді.
Алла Тағала әйелге нәзіктік пен әдеп берген, сол әдеп намазда да көрінуі керек, сондықтан әйел кісі намазда жинақылықпен құлшылық етеді. Себебі намаз – тек ғибадат қана емес, әдеп пен ұяттың да көрінісі.
материал «Пайғамбар (с.ғ.с) намазының көрінісі» кітабынан алынды,
ummet.kz