Білім алушы өзінің әрбір дәріс қайталауын санап жүруі қажет. Белгілі бір межеге жетпейінше оның жүрегі жай таппайды. Білім іздеуші кешегі сабағын бес рет, алдыңғы күнгі сабағын төрт рет, одан алдыңғы күннің сабағын үш рет, одан алдыңғы сабақты екі рет, ал одан алдыңғы сабақты бір рет қайталауы қажет.
Бұл тәсіл есте сақтауға оңай. Сонымен бірге, шәкірт бойында дәрісті қайталаудан жүрексіну сезімі болмауы керек. Өйткені сабақ оқу және оны қайталау зор күш-жігермен жүзеге асырылады. Дәріс қайталауды қиындатардай, өзін шаршатып дауыстап оқымауы керек. Істердің ең жақсысы орташасы.
Әбу Юсуф (р.а.) фақиһтармен бірге фиқһ сабағын қайталап жүреді. Оның күйеу баласы үйінде еді. Әбу Юсуфтың (р.а.) әрекеттеріне таң қалған ол: «Оның бес күннен бері аш екенін білемін. Соған қарамастан күш-қайратпен және үлкен жігермен пікір таластырып отыр», – деген екен.
Білім іздеушіде үзіліс болмауы керек (сондықтан оқушыларға жазғы демалыста дәрістерін қайталау міндет). Білім жолындағы үзіліс – үлкен апат. Біздің ұстазымыз Ислам шейхы Бурһанаддин (р.а.): «Менің дәрістес серіктерімнен биік болуым, білім алу кезінде демалысқа шықпауымда», – деген екен.
Ислам шейхы әл-Асбижани білім алып жүрген кезде патшаның құлауы себепті он екі жылдай оқуын тоқтатуға мәжбүр болады. Кейін білімдегі ізденістерін жалғастыру үшін өз серігімен іліми жарысқа түседі. Екеуі он екі жыл дәріс алады. Серігі шафиғи мәзһабының Ислам шейхына айналады. Ол әу баста шафиғи мәзһабының адамы еді.
Ұстазымыз шейх қази имам Фахрул-Ислам Қазихан: «Фиқһ үйренушіге фиқһ кітаптарының бір нұсқасын жаттап алуы және үнемі қайталап жүруі қажет. Сонда бұдан кейін естіген фиқһи мәліметтерді жаттап алуы жеңіл тиеді», – деп айтып отыратын.
материал «Тәлімгер тағылымы» кітабынан алынды,
ummet.kz