«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылып, көпшілікке арналған насихат кеші өтті.
Бұл жолы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткізілген шараға арнайы келген РАНТ мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласындағы «Қызылжар» орталық мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Мақсат Жұмажанов жамағатқа «Отбасы бақыты және оның құндылығы» тақырыбында әсерлі насихат айтты.
«Ислам дінінде отбасы бірлігіне айырықша маңыз берген. Отбасы- исламда баға жетпес құндылықтар ретінде әспеттеледі. Қоғам отбасыдан басталатындығын ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жете түсініп, тұтас қоғамды таза ұстаудың бірден-бір кепілі – отбасы тәрбиесі мен жанұя құндылықтарында екендігіне маңыз берген.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ер кісі отбасының бақташысы, сондықтан ол қол астындағыларға жауапты» деген. Осыған қарап ақ отбасы мүшелерінің өзара міндеттерін исламда анық көрсетілген. Отбасын асыраушы ретінде ер адамның жауапкершілігін айқындап өткен. Тағы да тағылым хадистерде: «Әйел өз үйі мен балаларының бақташысы, сол үшін жауапты» деп, әйелді отбасы берекесінің ұйтқысы, ұйыстырушысы ретінде белгілеген. Отбасындағы адамдардың өзара рөліне тоқталған. Қасиетті Құран кәрімде отбасына байланысты тұтас айттар бар. Ислам дінінде осылайша отбасы мүшелерінің өзара сыйластығы реттелген.
Отбасы қарым-қатынастарының тұтас қоғамға әсер ететіндігі баяндалады. Егер отбасы тату болса, қоғамда да тұрақтылық орнайды. Отбасында ынтымақ болса, қоғамда да бірлік пен тыныштық салтанат құрады. Отбасы мәселесі сол қоғамға айырықша әсер етеді», - деді РАНТ мүшесі.
Сондай-ақ, «Дінімізде отбасына жақсы қарау – ізгі амалдың бірі. Алла Тағала Құранда ер мен әйелді киімге теңеп, былай деген: «...Олар сендер үшін (сендерді бүркейтін, күнәдан тыятын, жан мен тән рахатына бөлейтін һәм көрікті қылатын) киім (іспетті), сендер де олар үшін дәл сондай киім (секілдісіңдер)...»делінген («Бақара» сүресі, 187-аят)» дей келе Мақсат Жұмажанов Құран аяттарынан да керемет мысалдар келтірді.
Насихат соңында Алладан баршамызға отбасы бақытына және жәннатқа лайықты болатын жамағаттың қатарында болуды нәсіп етуін тілеп, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасады.





ummet.kz