«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде «Мектепке жол - 2026» қайырымдылық шарасы өтті.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын акцияның негізгі мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін, көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға материалдық көмек көрсету.
Биылғы қайырымдылық шарасы барысында 250 оқушыға қажетті құрал-жабдықтар толтырылған мектеп сөмкелері үлестірілді. Оның ішінде 100 дана мектеп сөмкесін мешіт ұжымы арнайы қала мектептеріне апарып, табыстады. Мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазановтың бастамасымен болған қайырымдылық шарасы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді.
Ұлт болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін ескерсек, теңізге тамызған тамшыдай болған бұл ізгі шара егеменді еліміздің ертеңі үшін жасалған игі істердің бірі.
Жаңа оқу жылына дайындық уақытында қаламыздағы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға қолдау көрсеткені үшін, елордалық балғындарға шат-шадыман көңіл-күй сыйлағаны үшін келген ата-аналар мешіт ұжымына зор ризашылықтарын білдірді.










ummet.kz