Алла Тағала өзінен лайықты түрде именген, адами еркі мен қалауын иләһи ерікке тапсырып бере білген құлдарының жүректеріне көз көрмейтін, ақыл жете алмайтын көптеген сыйлар береді.
Сондай-ақ, ұлы Раббымыз осындай тақуа құлдарына арнайы ілім және хикмет беретіндігін Құран Кәрімде былай жеткізеді: «Ей, иман етушілер! Егер Аллаһтан қорықсаңдар, Ол сендерге бір фұрқан (жақсы мен жаманды ажырататын бір ілім, парасат пен түсінік) береді. Күнәларыңды жасырып, сендерді кешіреді. Өйткені, Алла үлкен сый иесі» ("Әнфал" сүресі, 29-аят).
«Ей, иман етушілер! Аллаһтан қорқыңдар және Пайғамбарына сеніңдер. Сонда Ол рахметінен екі есе беріп, сендерге жарығымен жүретін бір нұр сыйлайды» ("Хадид" сүресі 28-аят).
Хадисте де: «Үйренгендерімен амал еткенге Алла Тағала білмейтіндерін үйретеді,» - (Әбу Нуайм, Хилиятул-Әулия Х, 15) деп бұйырылады.
Мына бір құдси хадисте: «Кімде-кім менің әулие құлыма дұшпандық жасаса, мен оған қарсы соғысамын. Құлым өзіне бұйырған парыздардан басқа ешқандай сүйкімді бір нәрсемен маған жақын бола алмайды. Құлым маған (парыздармен қатар істеген) нәпіл ғибадаттарымен де үнемі жақындай түседі. Ақыры мен де оны сүйемін. Мен құлымды сүйсем, (бейне) оның естір құлағы, көрер көзі, ұстайтын қолы және жүретін аяғы боламын. Менен не сұраса, қалайда беремін. Мені паналаса, оны қорғаймын» - деген (Бұхари, Риқақ 38).
Аңғарғанымдай парыздарды әдебі мен рүкундарына (шарттарына) бағына отырып, ықыласпен орындағаннан соң, сүйіспеншілік ынта және ықыласпен шын көңілден жасалған нәпіл ғибадаттар Алла Тағаланың осындай үлкен сый-сыяпаттарына себеп болады. Сол үшін нәпсінің жағымсыз әуестіктеріне қарсы тұрып, харам, тіпті күмәнді нәрселерден сақтанып, сүннетті өмірдің бағдары ету керек. Өйткені, бұл - адамның адами әлсіздіктері салдарынан жабылып қалған түсінігін шындыққа, ақиқатқа, хикметке ашатын Алла Тағаланың үлкен бір сыйы.
Адам әрбір іс-әрекеттерінде иләһи мақсатқа қарай қадам басады. Бағдарлы жоба мен жорамал айтады. Себептер мен сылтаулар, сырттай көріністер өз еркін Хақтың еркіне берген құлды алдай алмайды. Құл оқиғаның ішкі жағын білуге және көрегендікке қол жеткізеді.
Жүрекке келген аян арқылы бағдарлы дұрыс жорамалдау және пайымдаумен қатар, ойға келетін және санада пайда болатын жағымды әрі нәзік пікірлер бар. Бұлар сөзбен емес көбінесе ишарат және басқа белгілермен лайықты адамына жететін жүрек жағдайына байланысты нәзік мағыналар. Бұлар – «ләтифә» немесе осының көпше түрі «ләтайф» (жүрекке байланысты нәзік сезімдер) деп аталады. Бұл мағыналар – Хақ Тағаланың руханият жолындағы салих құлдарына берген ишараттары мен жол сілтеулері.
Сонымен қатар, Алла Тағала салих құлдарына қиын жағдайларға тап болған сәтте ғайыптан келетін дауыспен де ескерту жасау арқылы жәрдем етуі мүмкін. Бұны иесі көрінбейтін, ғайыптан келген дауыс мағынасында «һатиф» деп атаған. Бұл – дәруіштің жүрегінде пайда болған және оны Хаққа шақыратын дауыстар болып табылады.
Мына оқиға ғайыптан дауысталудың растығын көрсетеді: Расулалла (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтыс болғаннан кейін Оны аруламақ болған сахабалар басқа өліктегідей Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) киімін шешіп арулаймыз ба, әлде киімінің сыртынан жуындырамыз ба деп екі ойлы болады. Сол келіспеушілікке байланысты Расулалланың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) киімін шешпей, жуындыруды ғайыптан келген дауыс білдіреді. (Әбу Дәуіт, Жанайз 27-28; Ахмед б. Ханбәл VІ, 267; Ибн Маже, Жанайз 10).
материал «Иманнан ихсанға» кітабынан алынды,
ummet.kz