11 Қыркүйек 2026, Жұма 29 Рабиғ әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 04:07
Күн 05:38
Бесін 12:16
Шам 18:43
Құптан 20:13

Уақытты тиімді пайдаланған ғұламалар өмірінен үзінді

Уақытты тиімді пайдаланған ғұламалар өмірінен үзінді

Мухаммад ибн Зейд жеткізеді:


«Абдулла ибн Омардың су жинайтын ыдысы болған. Сол ыдыстан жеткілікті мөлшерде су алып, оған дәрет алып, намаз оқиды екен. Кейін құс ұйқысындай ғана уақыт мызғып алатын. Қайта тұрып, дәрет алып, намаз оқып, қайтадан төсегіне оралатын. Кейін қайтадан тұрып, дәрет алып, намаз оқиды. Бір түнде осылай төрт-бес мәрте жасайтын».

Атыя ибн Қайс жеткізеді: «Әбу Мүслим әл-Хаулани Рим жерінде соғысып жүрген кезі. Дамаск қаласының тұрғындары онымен көрісуге келеді. Келген уақыттарында Әбу Мүслим өзінің әскери тұрағына шұңқыр қазып, оған былғары төсеніш төсеп, су құйдырған. Өзі болса сол жерде көлеңкеге саялап отыр, әрі аузы берік екен. Бұны көрген жұрт: «Алла Тағала сапар мен соғыс кезінде ораза ұстамауға рұқсат берді ғой. Сен сапарлаушы бола тұра, өзіңді бұлай шаршатқаның не?» деп сұрақ қояды. Сонда ол былай деп жауап береді:

«Егер жау әскері келсе, ауыз ашып, қуаттанып аламын. Расында, жылқы семіз болса, барар жеріне жете алмайды. Арық болса ғана жетеді. Шынтуайтында, біздің алдымызда амал етуіміз қажет болған күндер бар».

Шурахбил ибн Муслим айтты: «Екі адам Әбу Мүслим әл-Хауланидің үйіне келеді. Отбасы мүшелерінің бірі оның мешітте екенін айтады. Әлгі екеуі мешітке барса, Әбу Мүслим намаз оқып жатыр екен. Екеуі күтіп отырып, оның жасаған рүкуғтерін санауға кіріседі. Біреуі үш жүз рүкуғ санаса, екінші төрт жүз рүкуғ санаған екен».

Хасан әл-Басри мынадай бір оқиғаны жеткізеді: «Амир ибн Абдуқайс мешітте таң намазын оқып болған соң, «кім маған Құран оқиды?» деп сұрайды. Бір топ адам келіп күн шыққанша Құран оқып береді. Егер бос уақыт табылса, Амир тұрып күн ортасы таянғанға дейін намаз оқиды. Кейін үйіне қайтады. Зәуәл уақыты болғанда мешітке оралып, екінті намазына дейін намаз оқиды.

Әбу әл-Фәрәж ибн әл-Жәузи болғанда мешітке оралып, екінті намазына дейін намаз оқиды. Екінті намазын оқып болған соң, мешіттің бір шетіне барып, «Кім маған Құран оқиды?» деп сұрайды. Бір топ адам келіп, күн батқанша Құран оқып
береді. Кейін ақшам уақыты кіргенде құптанға дейін намаз оқып алады. Құптан намазынан кейін мешіттен үйіне қайтып, екі нанның бірін жеп, ұйқыға кетеді. Кішкене уақыт өткен соң ұйқысынан тұрып, түнгі құлшылығын жасап, сәресі болған кезде екінші нанды жеп, су ішіп, мешітке шығып кетеді».

Хәлаф айтты: «Кейбір жолдастарымыз Мансур ибн Зәдән да дәл осылай күнін өткізгенін жеткізді. Бірақ, ол түнде сәлдесі су болмайынша ұйқыға кетпейтін».

*сәлдесі су болмайынша — түнімен жылап намаз оқымайынша

Қосымша: Бұл оқиғадағы Мансур ибн Зәдән - аскет ғалымдардың бірі болған. Замандастары оның Құранды тез оқитындығын айтады. Тіпті, ол бір күнде екі рет хатым шығарып отырған екен.

Сәбит әл-Бунани былай дейді: «Орталықтағы мешітте мен көз жасымды ағызып, Құранды толық хатым қылмаған бағана жоқ».

Һиләл ибн Хиққ былай дейді: «Хужейр ибн әр-Рабиғ төсегіне жер бауырлап барғанға дейін намаз оқитын. Бірақ та, ол өз құлшылығымен өзгелерді басып озғандардың қатарынан емес еді».

Мухаммад ибн Сәбит әл-Бунани жеткізеді: «Әкем хәл үстінде жатқанда оған талқин айтуға келдім. «Әкешім, Алладан басқа тәңір жоқ деп айтшы» дегенімде, ол маған «Балам, мені жайыма қалдыр. Мен өзімнің алтыншы немесе жетінші уирдыма келдім», - деп айтты».
*уирд — күнделікті міндеттелген зікірлер

Сағыд ибн әл-Азиз айтты: «Мен Умейр ибн Һәниге былай дедім:
- Сенің тілің Алланы еске алудан босамайды. Сонда күніне қанша рет зікір айтасың?
- Қателеспеген жағдайда жүз мың рет».

Әл-Фудайл ибн Ғазуан өз әкесінің былай дегенін жеткізеді: «Бірде мен Курз ибн Уәбараның үйіне кірдім. Намаз оқитын жеріне сабан толып, ұзына бойы киім төселіпті. Ол бір күнде үш мәрте Құран оқитын. Әрі михрабында қалғыған кезде сүйенер таяғы бар еді».

Мухаммад ибн Фудайлдың әкесі мына оқиғаны жеткізеді: «Муғаза әл-Адауия күндізгі уақыт болғанда, «бұл - мен өлетін күн және мен кеш батқанша ұйықтамаймын» деп айтады. Түн болғанда «бұл — мен өлетін түн және мен таң атқанша ұйықтамаймын» дейді. Салқын түскенде жұқа киімін киіп алатын. Сол арқылы салқындық ұйқысын келтірмейтін».

Имам Нафиғ былай дейді: «Ибн Омар бір топ адаммен Мәдина қаласының шетіне қарай шығады. Сөйтіп, ортаға жол азығын қойып, тамақтануға кіріседі. Сол кезде жандарынан бір қойшы өтіп барады. Абдулла ибн Омар әлгі қойшыны шақырғанда, ол өзінің ораза ұстап жүргенін айтады. Сонда Абдулла:
- Жаздың осындай аптап ыстығында қалайша ораза ұстап жүрсің?
- Алланың атымен ант етейін, бос күндерімді амалмен толтыруға асықпын».
Әбу әл-Фәрәж ибн әл-Жәузи Рауха ибн Зинбағтан жеткен риуаятта ол бір алаңқайға түсіп, түскі ас ішкелі жатқанда, маңынан бір қойшы өтеді. Сөйтіп, әлгі қойшыны асқа шақырғанда, ол өзінің аузы берік екенін айтады. Сонда, ол сұрайды:
- Осындай ыстық күнде ме?
- Мен сонда күндерімді бос өткізуім керек пе?! - деп, қойшы жауап береді. Бұл жауапты естіген Рауха былай дейді:
«Ей, қойшы, Рауха ибн Зинбағ күнін жомарттықпен жойғанда, сен өз күніңді сараңдықпен құтқардың».

Зейда ибн Қудама былай дейді: «Мансур ибн Муғтамир қырық жыл бойы ораза ұстаған. Түнін намаз, күндізін оразамен өткізген. Түн басталғанда көзінен жас сорғалайтын. Сонда күңі келіп, «бүгін біреуді өлтірдің бе?» деп сұрағанда, ол былай дейтін: «Мен өзімнің жасағандарымды жақсы білемін». Сөйтіп, таң атқанда көзіне сүрмесін жағып, шашын майлап, екі ернін жарқыратып, адамдардың алдына шығатын».

Мухаммад ибн Қудама Әбу Бишрдің былай дегенін жеткізеді: «Мансур ибн Муғтамирдың көршісі бар еді. Оның екі қызы болатын. Жұрт қалың ұйқыға кеткенде екі қыз үйдің төбесіне шығып отыратын. Сонда екі қыздың бірі былай дейді:
- Анашым, пәленшенің үйінің төбесінен көрінетін тіреуіш не істеп тұр?
- Балақайым, ол ешқандай да тіреуіш емес. Ол түнін құлшылықпен тірілтіп тұрған Мансур ғой. Сәжде қылмай, рүкуғ жасамай, бір ракағат бойы осылай тұрады».

Имам әл-Хаммани былай дейді:
«Әбу Бәкір ибн Ғияш қаза болған күні үйіне бардым. Қарындасы жылап отыр екен. Сөйтіп, қарындасына үйдің бір бұрышына нұсқап айттым: «Жылама. Әлгі бұрышта сенің ағаң он сегіз мың рет Құранды толығымен оқып шыққан».

материал «Ғұмырды сақтау» кітабынан алынды, 

ummet.kz