Имам ат-Табаранидің жинағында сахаба Қағб ибн Ужра (Алла одан разы болсын) риуаят еткен хадисте былай делінген:
«Бірде мешітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) алдында бір топ ансарлық, бір топ мұһажирлер және бір топ Бану Һашим руының адамдары отырдық. Сөйтіп, біз қайсымыз Пайғамбарға жақын, әрі сүйікті екенімізге қатысты таластық.
Ансарлықтар: «Біз, ансарлықтар, Пайғамбарға (с.ғ.с) иман етіп, оның артынан еріп, онымен бірге жорықтарға қатысып, жауға қарсы шығатын арнайы жасақтарына айналдық. Сол себепті Пайғамбардың (с.ғ.с) махаббатына өзгелерге қарағанда біз лайықтымыз», – деді.
Мұһажирлер: «Біз өз отбасымыз бен жақындарымызды тастап, Алла және Оның елшісімен (с.ғ.с) бірге һижрет жасадық. Сендердің (ансарлықтар) жасағандарыңды біз де жасадық. Сендердің көргендеріңді біз де көрдік. Сол себепті Алла Елшісінің (с.ғ.с) махаббатына біз лайықтымыз», – дейді.
Бану Һашимдіктер: «Біз – Пайғамбардың (с.ғ.с) туыстарымыз. Біз де сендер көргенді көріп, сендер жасаған нәрсені жасадық. Сол себепті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) махаббатына біз лайықтырақпыз», – дейді.
Сөйтіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біздің алдымызға шығып, бізге қарады да:
– Не нәрсе жайында таласып жатырсыңдар? – деп сұрады. Біз Оған болған таласты баяндап бердік. Сол кезде Алла Елшісі (с.ғ.с) ансарлықтарға:
– Сендер рас айттыңдар. Сендерге кім қалай жауап қайтарды? – деді. Біз мұһажирлердің айтқанын айттық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Олар да рас айтқан. Оларға кім қалай жауап берді? – деп және сұрады. Біз Бәну Һашимдіктердің айтқанын айттық. Ол: «Олар да рас айтқан», – деді де, «Сендерге бір ортақ шешім айтайын ба?» – деп сұрады. Біз: «Әрине, уа, Алланың елшісі (с.ғ.с)!» – дедік.
Ол:
– Ансарлықтар! Мен – сендердің бауырларыңмын! – деді. Ансарлықтар: «Алла ұлық! Қағбаның иесімен ант етеміз! Біз мұны қабыл алдық», – деді. Пайғамбарымыз(с.ғ.с):
– Уа, мұһажирлер! Мен – сендердің араларыңнанмын, – деді. Олар: «Алла ұлық! Қағбаның иесімен ант етеміз! Біз мұны қабыл алдық», – деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Уа, Бану Һашим! Сендер – менің тегімненсіңдер әрі маған жақынсыңдар! – деді. Сөйтіп, бәріміз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) шешіміне разылық танытып, қуанған күйде орнымыздан тұрдық».
Сахабалардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген махаббатының дәлелі ретінде сахаба Әнас ибн Мәлик (Алла одан разы болсын) жеткізген хадисті келтіруге болады. Хадисте:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мединaға алғаш кірген күні Мәдина қаласының әр жері нұрға бөленді. Ал Алла Елшісі (с.ғ.с) дүниеден өткен күні барлық нәрсе қара түнекке боялды», – делінген.
Имам әл-Бухари келтірген хадисте Әнас ибн Мәлик (Алла одан разы болсын) былай дейді:
«Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) бір адам келіп:
– Ақырзаман қашан болады? – деп сұрады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Ол күнге не әзірледің? – дейді. Әлгі адам:
– Алла мен Оның елшісіне (с.ғ.с) деген махаббаттан басқа ешнәрсе әзірлемедім, – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с):
– Сен жақсы көргеніңмен бірге боласың, – деп жауап берді.
Әнас ибн Мәлик сөзін жалғастырып: «Біз (сахабалар) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Жақсы көргеніңмен бірге боласың» деген сөзіне қуанғандай басқа нәрсеге қуанбаған шығармыз», – дейді.
Әнас ибн Мәлик (Алла одан разы болсын) тағы бір сөзінде: «Мен Пайғамбарды (с.ғ.с), Әбу Бәкір мен Омарды жақсы көремін. Олар секілді ізгі амалдарды жасай алмасам да, оларға деген махаббатым себепті қияметте олармен бірге боламын деп үміттенемін», – деген.
Бұл – сахабалардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с) асқа бір хадисте: «Адам – сүйгенімен бірге болады», – деп келеді.
Бұл – сахабалардың Пайғамбарымызға (с.ғ.с) деген махаббатының көрінісі.
Сахаба Әли ибн Әбутәліб (Алла одан разы болсын): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) біз үшін (сахабаларға) малымыздан да, балаларымыз бен ата-аналарымыздан, шөлдеген адамға салқын судан да артық еді», – деген.
Сахаба Әлидің (Алла одан разы болсын) «біз үшін» дегені барлық сахабаларды қамтиды. Себебі сахабалар көптікпен білдіретін сөзді қолданады, демек, барлық сахабаны мұрат еткені дегенді білдіреді.
материал «Пайғамбарды (с.ғ.с) сүю - иманнан» кітабынан алынды,
ummet.kz