25 Тамыз 2026, Сейсенбі 12 Рабиғ әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 03:32
Күн 05:11
Бесін 12:21
Екінті 17:11
Шам 19:21

Тәкәппарлық – жүректегі жасырын жара

Тәкәппарлық – жүректегі жасырын жара

Адамның бойындағы ең қиын сынақ ол – оның мінезі. Мінез – адамды биікке көтеретін де, бәрін төңкеріп жіберетін де күш. Кейде Алла бізге көп нығмет береді, бірақ дәл сол мінезіміздің кесірінен сол нығметтен айырылып қаламыз.


Мысалы, неке – нығмет. Бірақ бір сәттік ашумен, менмендікпен, тәкаппарлықпен сол нығметті өз қолымызбен қиратамыз. Ата-ана – нығмет. Бірақ бір сөзге ренжісіп, ашумен дау шығарып, сол нығметтің берекесінен айырылып қаламыз. Бауыр – нығмет. Бірақ мінезге жеңдіріп, қатынасты үзіп тастаймыз. Көрші де – нығмет. Егер көршің тыныш, адал, мейірімді болса, бұл да – Алланың берген сыйы.

Қазақ: «Үй таңдама, көрші таңда» деп бекерге айтпаған. Үйді өзгерту оңай, ал көршінің мінезін өзгерту мүмкін емес. Сондықтан біздің жүрегіміздегі ең үлкен күрес ол тәкаппарлықпен күрес болуы керек. Мойындау – жеңістің 80 пайызы. Себебі кім өзінің кемшілігін мойындаса, сол түзеуге қадам жасайды.

Біле білсеңіз, «мен тәкаппар емеспін, мен өте қарапайым адаммын ғой» деп өзін ақтау – нағыз тәкаппарлықтың белгісі. Осы арқылы нәпсінің қақпанына түсіп отырғанымызды аңғармай да қаламыз.

Мысалы, күйеуіңіз бір жерге «бармайсың» десе, ішіңізден «жоқ, барам!» дейсіз. Сол сәтте-ақ жүректе қарсылық пайда болады. Немесе келін болып түскенде, барлық жұмысты істеп жүріп, «мыналарға ештеңе жақпайды, бәрібір мен «жаманмын» деп ашуланып, ренжіп кететін сәттер болады.

Біреумен ренжісіп, ұзақ уақыт сөйлеспей кетіп, кездейсоқ бір ортада кездессеңіз, жүрегің «дыз» етіп қаның қайнап, сол жерден кеткіңіз келіп, тіпті сол адамды көргіңіз келмей қалатын сәттер бола ма? Міне, осы – тәкаппарлық.

Тәкаппарлық – қарым-қатынасты ұлайтын ең қауіпті мінез. Егер оны емдемесе, барлық отбасымен де, ата-анамен де, адамдармен де байланыстар үзіледі.

материал «Алламен сырласу» кітабынан алынды, 

ummet.kz