Баязит Бистами қажылық пен умра құлшылығын жасау үшін жолға шығып, Меккеге қарай асығып кетіп бара жатады. Қай қалаға барса да, алдымен сол қаланың бетке тұтарларын сұрастырып, сол қаладағы көрегенді, саналы адамдарды іздейтін.
Баязит Бистами сапарда сол уақыттың Қызыры болған адамды табуға тырысып, сондай адамды іздестіреді. Денесі жүдеу бір пірді көріп, оның бойынан ізгілердің сипатын көреді.
Пірдің көзі көрмейтін, алайда көңілі ашық, жарқын еді. Дәл бір түсінде Үндістанды көрген пілдей болып көзін жұмып ұйықтап жататын.
Баязит Бистами сол пірдің қасына барып отырады, хәл-жағдайын сұрап, оның кедей және ешкімі жоқ адам екенін көреді.
Пір:
– Ей, Баязит, қайда бара жатырсың, бөтен жақтың қоқысын қай жаққа сүйреп барасың? – дейді.
Баязит Бистами:
– Қажылық маусымында Қағбаға бара жатырмын, – деп жауап береді.
Пір айтады:
– Жолға не алдың?
– Екі жүз дирһам күмісім бар. Шапанымның ұшына жақсылап байлап алдым, – дегенде пір:
– Мені жеті рет айналып тауап ет. Бұл тауапты қажылық тауабынан да артық сана. Ана дирһамдарды, ей жомарт жан, маған бер. Біліп қой, қажылық жасадың, мақсатыңа жеттің. Умра жасадың, мәңгілік өмірге қол жеткіздің, тап-таза болдың. Сафаға жүгірдің, жүру ережесін орындадың. Хақтың хақысы үшін ол мені өзінің үйінен де жоғары етті. Қағба қаншалықты оның ізгілік үйі болса да, менің тәнім де – оның сыр үйі. Ұлы Алла Қағбаны құрды, бірақ құрғалы оған бармады. Ал мына үйге, менің тәніме сол мәңгі тірі болған Алладан басқа ешкім келмеді. Мені көрдің ғой, біліп қой, сен Алланы көрдің, туралықтың Қағбасын айналып тауап жасадың. Маған қызмет – Аллаға бағыну, оны мадақтау. Ақиқатты менен бөлек нәрсе деп санама. Көзіңді аш та маған жақсылап қара, сонда адамнан Алланың нұрын көресің, – деді.
Баязит Бистами бұл сөздерді тыңдап, құлағына алтын сырға етіп тақты. Сол себептен дәрежесі көтеріліп, ізгілігі артты. Ақиқат жолының соңына жеткен Баязит Бистами енді сипаттауға сөз жетпейтін мақамға көтерілді.
Ей, жолаушы! Әулиелердің қасынан алыстасаң, ақиқатында Алладан алыстайсың. Жолдастардан ажыраудың соңының өзі қайғы болса, падишалардан ажырау қалайша одан төмен нәрсе болады. Еш тоқтама, падишалардың көлеңкесін іздеп тап, сол көлеңкеде сен күннен де жақсы сипатқа ие боласың. Сапарға шықсаң осындай ниетпен шық, отырсаң да осыдан ғапыл қалма!
материал «Көңілдің сұлтаны» кітабынан алынды,
ummet.kz