26 Қараша 2026, Бейсенбі 16 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:43
Бесін 12:06
Екінті 14:32
Шам 16:19
Құптан 17:54

Садақаны алмай қоятын заман келмей тұрып садақаны беру керектігі

Садақаны алмай қоятын заман келмей тұрып садақаны беру керектігі

Хариса ибн Уаһб (р.а.) риуаят етті:


«Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегенін естігенмін: «Садақа беріп қалыңдар, өйткені садақаларынды алатын адам таппай қалатын заман келеді. Сонда бірер кісілерге садақа берейін деп алып барсаңдар: «Кеше алып келгеніңізде сөзсіз алатын едім, ал бүгін оны алуға менің еш қандай мұқтаждығым жоқ»,- деп айтар»,- деді.

Әбу Хурайра (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мал- дүниелеріңіз асып-тасып кемерінен асып төгілмегенше қиямет болмайды. Сондай дәуірлер келеді. Тіпті бай адам кімге садақа беретінін білмей қалып кезіккен адамға садақаны ұстата берер, бірақ «Менің садақаға мұқтаждығым жоқ» деп ешкім алмайды» дейді.

Ғадий ибн Хатим (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдында едім. Екі кісі кіріп келді. Олардың бірі отбасының мұқтаждығынан, ал екіншісі болса, (жол торушы) қарақшылардың үстінен шағым айтты. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жол тосарлардың мәселесіне келсек, тіпті керуен Меккеге күзетшілерсіз де жолға шыққанда да, саған олардың зияны азырақ тиеді. Ал отбасылық мұқтаждықтың мәселесіне келсек, сендер садақа беремін дегендеріңде бірде-бір садақа алатын адамды іздеп таба алмайтын заман келгенше қиямет болмайды. Содан соң қайсы бірін Алла Тағаланың алдында тік тұрып жауап беретін болса, араларыңда перде де, аударып тұратын тілмаш та болмайды. Сонда Алла Тағала: «Саған мал-дүние бермеп пе едім?»,- деп сұрар. Пенде: «Иә»,- деп жауап берер. Содан соң Алла Тағала: «Саған Пайғамбар жібермеп пе едім?»,- деп сұрар. Пенде: «Иә»,- деп жауап берер. Кейін, пенде оң жағына қарады, бірақ тозақтан басқа нәрсені көрмейді. Содан соң сол жағына қарайды, тағы да тозақтан басқа нәрсе көрмейді. (Сол үшін) әрбіріңіз жарты құрманы болса да садақа қылып, тіпті болмаса, бір жақсы сөз айтып, өзіңізді тозақ отынан құтқарыңыз!»,- деді.

Әбу Мұса (р.а.) риуаят етті: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сондай бір замандар келеді, сонда кісі ділдәні (алтын ақшаны) садақа қылып беремін десе де, садақа алушыны іздеп жүріп таба алмайды. Әйелдердің көптігінен (ер адамдардың аздығынан) бір ер адамның артынан қырық әйел ілесіп жүрер»,- деді.

материал «Сахих әл-Бұхари» кітабынан алынды,

ummet.kz