22 Қараша 2026, Жексенбі 12 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:37
Бесін 12:05
Екінті 14:36
Шам 16:23
Құптан 17:56

Дәрет әдебі: Осы амалдарды орындаған адам сауап алады

Дәрет әдебі: Осы амалдарды орындаған адам сауап алады

Мустахаб – Пайғамбар (с.а.с.) бірде істеп, бірде істемеген амалдар. Осы амалдарды орындаған адам сауапқа ие болады, ал істемеген адамға ешқандай сөгіс жоқ, яғни күнә емес.


1. Мойынға мәсіх тарту.

Кағб ибн Амр (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (дәрет алып жатқанда) желкесіне және мойнының алдыңғы тұсына жеткенше басына бір рет мәсіх тартқанын көрген. Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) басымен бірге желкесіне де мәсіх тартатын (1).

2. Дәрет алған суы өзіне шашырамас үшін жоғары жерге отыру немесе су шашырамайтын жерге отырып, дәрет алу.

3. Құбылаға қарау.

4. Басқа нәрселерге көңіл аудармай, дәретіне ерекше мән беру.

5. Кең жүзікті қозғау. Ал астына су өтпейтін тар жүзікті астына су тигізу үшін міндетті түрде қозғау керек.

6. Ауыз бен мұрынға суды оң қолмен алып, сол қолмен сіңбіру.

7. Таза жерде дәрет алу.

8. Намаздың уақыты кірместен бұрын дәрет алып, дайын болу.

9. Дәрет алған кезде дүниенің сөзін айтып, артық сөйлемеу.

10. Дәрет алып болғаннан кейін, судан дәм тату. Бірде Хусәйн ибн Әли әкесі Әлиге (Алла әкесі екеуіне разы болсын) дәрет алатын су алып келеді. Сонда Әли (Алла оған разы болсын) дәрет алып болғаннан кейін тұрып, дәреттен артылып қалған судан ішеді. Мұны көрген Хусәйн таңғалады. Оның таңғалғанын көрген Әли: «Таңғалма! Мен әкең Пайғамбардың (с.а.с.) осылай дәрет алғанын және дәреттен қалған судан ішкенін көрдім», – деген (2).

11. Дәрет алып болғаннан кейін кәлимаға тіл келтіріп, Пайғамбарға (с.а.с.) салауат айтып, дәрет алғаннан кейін оқылатын дұғаны оқу. Алла елшісі (с.а.с.): «Сендердің қайсыбірің дәретті толық алғаннан кейін «Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ. Уа әннә Мухаммәдан абдуллаһи уа расулуллуһ», – десе, оған жаннаттың сегіз есігі ашылып, олардың қалағанынан кіреді», – деген (3).

12. Дәрет алып болғаннан кейін екі ракағат нәпіл намаз оқу.

13. Дәрет алған кезде жуатын дене мүшелерін артығымен жуу. Мысалы, қолды жуған кезде шынтақтан асырып жуу, аяқты жуған кезде тобықтан асырып жуу.

14. Дәрет алғаннан кейін сүртінбеу (4)

___________________________________________________________________

1. Әс-Сунән әл-кубра, I том, 60-бет. Осы мағынаны беретін хадистерді имам Әбу Дауд, әл-Бәйһақи да риуаят еткен.

2. Сунән ән-Нәсәи, Бәб сифату әл-удуу, 95. Әт-Тахауи, сахих хадис.

3. Сахих Муслим, Китәб әт-таһара, 345.

4. Шафиғи мазһабында дәрет алғаннан кейін сүртінбеу сүннет амалдарына жатады.

 

материал «Фиқһ әл-ғибадат» кітабынан алынды,

ummet.kz