17 Қараша 2026, Сейсенбі 7 Жумад ас-сәни 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 07:29
Бесін 12:04
Екінті 14:42
Шам 16:29
Құптан 18:01

«Бұйырғанын көреміз» деген сөз – жалқаулықтың ақтаушысы

«Бұйырғанын көреміз» деген сөз – жалқаулықтың ақтаушысы

Біздің халықта ескіден «Бұйырғаны болар...» деген бір сөз бар. Бұл сөзбен адам өзінің ісін өзі ұнатқандай ете алмағанда, жағдайы ол тілегендей болмағанда, жақсартуға шарасы таусылып, шамасы келмегенде Аллаға тапсыру және көнуді білдіреді. Бұл – құптарлық.


Өйткені біздің барлық ісіміз бен жағдайымыз өзіміз ұнатқандай бола бермейді. Ол жайлы: «Сендер бір нәрсені ұнатпайсыңдар, ал ол сендер үшін қайырлы болар. Және бір нәрсені ұнатасыңдар, ал ол сендер үшін жарамсыз болар. Алла біледі, ал сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216-аят) – делінді. Кейбір істер бар, біз қаншалықты өзіміз ұнатқандай етейік деп тырыссақ та, ойымыздағыдай етуге шамамыз келмейді. Сосын белгілі бір деңгейге келгенде, яғни күшіміз сарқыла бастағанда ол істі ойымыздағыдай етуге тырысқан әрекетімізді доғарған дұрыс саналады. Әйтпесе еселеп уақыт пен күшті болмасқа сарп етуіміз мүмкін. Мұны «тәслим» (тәсілім) – тапсыру дейміз. Бұл – жақсы бір позиция. Бірақ көп кезде адамдар: «Бұйырғаны болады дағы, қайтеміз,» – деп, әлі де жөндеуге келетін істі тастап қояды. Мысалы, студент емтиханға дайындалмай: «Бұйырғаны болар» – десе, ол сөзі – орынсыз. Оған бұл сөзді айтқызып, осы позицияда қалуды жақсы көрсетіп тұрған нәрсе – жалқаулығы. Шәкәрім атамыз мұндайға:

Жалқау тірі болғанмен өлгенге есеп,
Білімнің кеселі жоқ мұнан кесек,
Білімсіз, әрекетсіз, еріншекті,
Күнәһар да болмаспыз өлі десек, - деп суреттейді.

Осындай позицияны ұстанатын студент бұл секілді сөзді қайдан алады? Әрине, айналасынан, атап айтқанда жасы үлкендерден естиді. Төңірегіндегі жасы үлкендерден еститін бұл сөз оған жалғыз ақиқат, ең дұрыс сөз секілді болып түсініледі. Жағдайды солайша қабыл ету кейбіреудің әдетіне айналады. Оның әдетке айналғаны соншалықты, шамасы келетін іске ұмтылмай, «Алланың жазғаны болар», «Бұйырғанын көреміз» деген секілді сөздер жалқаулықтың ақтаушысы болып қалады. Аятта: «Ендеше өздеріңді ақтамаңдар. Ол кімнің тақуа екендігін жақсы біледі,» («Нәжм» сүресі, 32-аят) - дейді. Мұндағы «ақтау» сөзі адамның өзін-өзі орынсыз мақтауы ғана емес, онымен қоса, орынсыз сылтау іздеу арқылы, өзінің жалқаулығын жауып, еріншектігін ақтауға тырысу болып қалады. Яғни, «мен бір әлсіз құлмын. Тағдырдың жазғанына көндім. Алланың дегені болады» дегендей ойды жеткізуге тырысып, адамдар өздерінің әрекетсіздігін бүркемелейді. Алайда тағы бір аятта: «Өз жанын тазартқан адам мұратқа жетті. Ал оны аздырған адам зиянға ұшырады,» («Шәмс» сүресі, 9-10-аят) - дейді.

Біл, адамзат жақсылыққа, рызыққа ұмтылуы керек. Оның ұмтылуы - талап етілген іс. Еңбектенбей, тырысып, байқасаң, «Жаман адам құдайшыл келеді». Яғни, кейбіреулер өзінің іссіздігін жасырып, табылған жұмысқа: «Әй, сол жұмыста жүрейін сол! Атам қазақ істемеген іс қой. Аштан өліп бара жатқан жоқпыз, Құдайға шүкір. Пәлен деген досым «пәлен жұмыстың орны босауы мүмкін. Босаса айтамын ғой» - деген. Хабарласып қою керек еді... Қанағатшыл болайық.» - деп әлі күнге дейін өзінің сол уәжімен түк жемей тойып, түк таппай байып жүретіндер бар. Ағайын, тағдырда Алланың жазғаны көп. Оны қазақ: «Жазмыштан озмыш жоқ,» - деп айтқан. Оның мағынасы сол, Алла өзінің кеңшілігімен бізге не қаласақ, соны береді. Мысалы, осы сөзді жазып отырғанда орнымнан тұрып, кофе дайындап, тоңазытқышты ашып, ішінен үш, төрт құрма әкеп үстеліме қойдым. Осы заттарды әкелген соң, ішіп, жеуге де болады, ішпесем, жемесем де, болады. Тіпті орнымнан тұрып, сол заттарды әкелмесем де болады. Енді осы әрекеттердің барлығына маған таңдау берген. Мен сол таңдауды қалағаныма қарай пайдаландым. Жә, енді менде мынадай ықтималдар бар.

1. Орнымнан тұрып, әлгі заттарды әкелу.
2. Ойыма келмегендіктен, сол үшін орнымнан тұрмау.
3. Ойыма келу, алайда еріну.
4. Ойыма келу, жұбайыма немесе балаларыма: «Кофе мен құрма әкеп берші,» - деп, өтініш жасау.
5. Енді алдыма келген кофе мен құрманы тұтыну.
6. Алдыма келген соң да, екеуін тұтынбау.
7. Біреуін тұтынып, екіншісін тұтынбау.

Сонда менде осындай ЖЕТІ түрлі мүмкіндіктер бар екен. Соны біліп, осы кітаптың бетіне түсіріп жазып отырсам, Алла маған осының қайсысын жазбай қойды дейін? Менің ойыма не келсе, Алланың маған жазмышы одан да кең деп ойлаймын. Алла Тағала - сондықтан Кең, Аса білуші. Құранда Алланы «Кең, Аса білуші» деп сипаттаған аяттар ЖЕТІ жерде келген. Байқадың ба, мендегі ықтималдардың саны да жетеу екен, Алланы «واسع عليم» яғни, «Кең, Аса білуші» делінген жеті түрлі аят бар. Демек, менде шамамен ЖЕТІ таңдау бар дейік. Осылардың қайсысы да жазмыш емей не? Яғни, адамдардың: «Құдайдың менің пешенеме жазып қойғаны сол болса, жазмыштаң озмыш жоқ, не істейін,» - деп отыруы ешқандай дұрыс емес. Өйткені адамдардың ойы - тар, Алланың жазғаны, бізге берген таңдауы - кең.

материал Құрманғазы Садыбаевтың «BIL» кітабынан алынды,

ummet.kz