Бұхари және Мүслимде риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Фатиха сүресін оқымаған адамның намазы жоқ», – дейді.
Яғни, «Фатихасыз» намаз толық әрі кәміл болып есептелмейді. Аталмыш хадиске және өзге де осы тектес хадистерге сүйене отырып, кейбір мәзһаб ғалымдары «Фатиха» сүресін оқу парыз деген тұжырым жасаған. «Фатиха» сүресі оқылмаса, намаз бұзылады» деген. Дегенмен, жоғарыда келтірілген «Сахих Бұхаридегі» 724 нөмірлі хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір кісіге намаз үйретіп жатып, былай дейді: «Намазға тұрғаныңда ифтитах тәкбірін ал. Әрі Құраннан жеңіл келгенін оқы да рукуғқа бар...».
Егер Фатиха сүресін оқу парыз болса, Пайғамбарымыз міндетті түрде оған «Фатиханы оқы», дер еді. Ханафи мәзһабында аталмыш екі хадисті ұштастыра келе: «Намазда қандай да бір аят немесе сүре оқу – парыз, ал «Фатиха» сүресін оқу – уәжіп», деп, үкім шығарған. Бұдан байқағанымыздай, намазда «Фатиха» оқылмайтын болса, намаз бұзылмағанымен толыққанды ғибадат болып саналмайды. Тирмизидің «Сүнәнінда» Әзірет Әли былай дейді: «Фатиха» оқылмаған барлық намаз – толық емес». Мұнда намаз бұзылады демеген, «толық емес», деп тұр. Бұл да «Фатиха» сүресін намазда оқу уәжіп екендігінің дәлелі. Үш немесе төрт рәкәғатты парыз намаздарының әуелгі екі рәкәғатында ғана «Фатиха» сүресі мен қосымша сүре оқу – уәжіп, ал қалған рәкәғаттарында «Фатиханы» оқу – сүннет.
Сахих Мүслім атты хадис жинағында риуаят етілген хадисте сахаба Әбу Қатада (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) бесін мен екінті намаздарының әуелгі екі рәкағатында «Фатиханы» және (онымен қоса) бір сүре оқитын, кейде оқып жатқан аятын естіртетін. Ал, қалған екі рәкәғатында «Фатиханы» ғана оқитын». Бұл хадис «Сахих Бұхариде» де келтірілген. Үтір, нәпіл және сүннет намаздарының барлық рәкәғаттарында «Фатиха» мен қосымша сүре оқу – үәжіп.
Тирмизи «сүнәнінда» риуаят еткен хадис бойынша, сахаба Әбу Сағид (р.а.) Пайғамбарымыздың (с.а.у) мына сөзін келтіреді: «Намаздың кілті – дәрет. Тахримі – тәкбір. Намаздың соңы – сәлем беру. Парыз намаздарында және өзге намаздарда (нәпіл, сүннет, үтір) Фатиха сүресі мен қосымша сүре оқымаған адамның намазы жоқ (кемел әрі толық емес)». (Хасан).
материал «Дәлел-дәйектерімен намаз оқу үлгісі» кітабынан алынды,
ummet.kz