21 Шілде 2026, Сейсенбі 7 Сафар 1448 һ.
Намаз уақыты
Таң 02:22
Күн 04:19
Екінті 17:51
Шам 20:22
Құптан 22:19

Аллаға жетудің ең қысқа жолы

Аллаға жетудің ең қысқа жолы

Расында бір ауыз сөз, бірақ тұтас өмірлік хикмет. Дұға — жай ғана тілдің қозғалысы емес, ол жүректің үнсіз сыбыры. Кейде сен сырттай бір ауыз сөз айта алмайсың, бірақ, көкірегіңдегі үнсіз жан айқайын Алла бәрінен жақсы естиді.


Дұға — жай сөз емес, ішкі сезім. Кейде тілің шаршайды, бірақ жүрегің сайрап тұрады. Сол сәт — дұғаның ең шынайы кезі. Жаратушыға жалбарынуда ұзақ сөйлемдер немесе әдемі сөздердің болуы міндетті емес, жүректің жылап шыққан шынайы дауысы ғана жеткілікті.

Тіл — дұғаның құралы болса, жүрек — дұғаның мәні. Тіл сөйлегенмен, бірақ оны жүрек сезбесе, бұл амалдың мәні болмайды.

Кейде бір «Иә, Раббым…» деген сөз мың беттік дұғадан да артық. Бір тамшы жас мың сөздің орнын басады. Кейде үнсіздік — дұғаның ең шынайы түрімен тең түседі.

Дұға — бұл тілдің емес, жүректің ісі. Алла сенің сөздеріңді емес, жүрегіңнің шынайылығымен өлшейді. Сондықтан тілмен емес, жүрекпен айт: «Раббым, мен саған мұқтажбын. Сенімен сөйлескенде ғана тыныштық табам…».

Өйткені, Алла Тағала «Бақара» сүресінің, 186-аятында: «Құлдарым Мен жайлы сұраса, шын мәнінде, Мен жақынмын. Маған дұға еткеннің дұғасына жауап беремін…», – деп, дыбысты емес, ішкі дауысты тыңдайтынын көрсеткен.

Жүрекпен айтылған дұға ешқашан бос қайтпайды, ол не сенің хәліңе тыныштық әкеледі, не өміріңе хикмет болып оралады.

Аллаға жетудің ең қысқа жолы — шынайы қалып. Дұға — Алламен тікелей байланыс. Оған ешқандай да делдал жоқ, тосқауыл жоқ. Тек сен және Раббың! Сондықтан дұғада жасандылық болмайды.

Алла Тағала сезімдерімізді айна-қатесіз оқи алатындықтан, Жаратушымызды алдау мүмкін емес. Сен тіліңмен жалбарынып, жүрегің басқа жақта болса, ол сәтте дұғаң тек сыбдыр дыбыс болады.

Дұға — Раббымызға жолданған хат. Әр хатты оқушы да сол жалғыз Иеміз. Кейде жауап кешігеді, бірақ ол мүлде жауап келмейді деген сөз емес. Кейде қалауың берілмейді, өйткені, Раббың саған одан да жақсысын дайындап қойды.

Сенің дұғаң қабыл болуы үшін айқайлаудың керегі жоқ, сенің шынайылығың жеткілікті...

материал «Сен керексің!» кітабынан алынды,

ummet.kz