Дінімізде шындық болса да айтуға рұқсат етілмейтін сөздер бар.
Бірінші: Ғайбат айту. «Ғайбат» сөзі араб тіліндегі «әл-ғайбату» сөзінен алынып, «жасыру, тығылу, жоқ болу» деген мағынаны білдіреді. Себебі ғайбат адамның өзі жоқ кезде оның сыртынан айтылады.
Шариғатымызда ғайбат деп бір адамды ол жақтырмайтын істерімен еске алуды айтамыз. Ғайбат шын сөз болса да, дінімізде тыйым етілген, күнәлі іс деп танылады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Я, иман келтіргендер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Қайсыбірің өлген бауырының етін жегенді жақсы көреді ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында Алла – тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді»²⁵³, ("Хұжырат" сүресі, 12)– деп ескерткен.
Екінші: Өсек айту. Шын сөз болса тұрса да тыйым етілетін сөздердің бірі – өсек айту. Бір адамның сөзін екінші бір адамға олардың араларын бұзу мақсатында жеткізуді өсек деп атайды. Жүсіп Баласағұни бабамыздың: «Жақсылардың ісін өсекшілер бұзады», – дегеніндей, өсек айту – адамдардың арасын бұзатын, көпшілік арасына іріткі салатын, бүтін бір қоғамның бұзылуына әкелетін қауіпті тіл кесапаты. Халқымыз «Итке төсек не керек, естіре өсек не керек» демекші, есті адам өсек сөзден сырт айналып жүреді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Өсекші жәннатқа кірмейді»²⁵⁴, Бұхари (6056) – деп айтқан. Хадисте өсек айтқан адам мұндай күнәға ие болады демей, бірден жәннатқа кірмейді деп айтылуынан-ақ өсек айтудың жазасы қаншалықты ауыр екенін түсінуге болады.
материал «Көркем мінез» кітабынан алынды,
ummet.kz