Имам Ғазали (р.а) Бағдаттағы «Низамия» медресесінде дәріс беріп жүрген кезде атағы аспандап тұрған ғалым еді. Ғылым мәжіліс терінде сөзі өтімді, кез келген пікірталаста қарсыласынан үстем түсетіндей дәлелі қуатты, зердесі өткір, ойы ұшқыр болатын.
Ел қо шеметі, шәкірт ықыласы, ғалымдар арасындағы беделі жоғары еді. Бірақ дәл сол биікте жүріп, жүрегінің ішінде бір сұрақ оянды: «Менің ілімім Алла разылығы үшін бе, әлде оған атақ, бедел, жеңіс ләззаты араласып кетті ме?»
Осы сұрақ оны сілкіндірді. Ақыры мінбер мен қошеметті тастап, Шамға кетеді. Ғалым өзінің жазбасында Шамға барып, екі жылға жуық оңашаланып, қылует, риязат, мүжәһада, жан тазалығы, мінез тәрбиесі және жүректі Алла зікіріне арнаумен шұғылданғанын айтады. Дамаск мешітінде иғтикафқа кіріп, күндіз мұнараға шығып, есігін ішінен бекітіп, жалғыз құлшылық жасап, ғылыммен айналыс- қан екен.
Басқа ғұламалардың жазбаларында Имам Ғазалидің (р.а) күндіз құлшылық жасап, ғылыммен айналысқаны, түнде дәретхана тазалағаны жайлы да айтылады. Кеше елдің ықыласына, сұлтандардың сый-қошеметіне бөленген ғалым енді ешкім танымайтын жерде қарапайым қызмет атқарады.
Имам Ғазали (р.а) Шамнан қайтарда үш істен біржола бас тартуға серт береді. Біріншісі - ешқашан ешкіммен пікірталасқа түспеу; екіншісі сұлтандардың сарайына кірмеу; үшіншісі сұлтандардан ешбір сый-сияпат алмау. Өйткені пікірталаста нәпсінің жеңіс ләззаты мен тәкаппарлығы бар, сарайда бедел қызығы бар, сый-сияпатта біреуге қарыздар болу, дүниеге байланып қалу қаупі бар. Осы үшеуінен бас тарту арқылы ол нәпсісін семіртуден және өзгеге тәуелді болудан сақтанады.
Иә, адам тек харамнан ғана емес, нәпсісіне ұнайтын құрметтен де сақ болуы керек. Атақ, бедел, ыңғайлы орта, ерекше күтім сырттай ізгі көрінгенімен, оларға «мен» араласса, жүрекке тұзақ болады. Нәпсі сый-қошеметпен, атақпен семіреді.
Мүжәһада – рухани майдан.
Қажылықта да осы сыр бар. Ихрамға кірген адам сәнді киімін шешіп, бәрімен бірдей қарапайым ақ матаға оранады. Бай да, кедей де, басшы да, қарапайым адам да бірдей күйге түседі. Шаш алмай, әтір себінбей, әдеттегі жайлылықтан алыстайды. Муздалифада қажылар ашық аспан астында, жерде түнейді. Жұмсақ төсек, жеке бөлме, ерекше күтім жоқ. Бұл адамға үлкен сабак береді. Алла алдында пенденің қадірі сыртқы жағдаймен емес, жүрегінің күйімен өлшенеді. Қажылықтағы ортақ қиындық нәпсіні жуасытады, адам- ды халықпен бірге болуға, қарапайымдыққа, сабырға үйретеді.
Нәпсі үнемі ерекше күтімді, жеңілдікті, жайлылықты қалайды. Төр ұсынылса, есік ашылса, дәмді ас пен жылы орын дайын тұрса, соны қалыпты көріп, үнемі дәметеді де тұрады. Егер осы жайлылық бұзыла қалса, «Неге бұлай?», «Мені неге күтпеді?» деген сыңайда іштен реніш бұлқынып шығады. Міне, бұл – нәпсінің дауысы.
Мүжәһада сол дауысты танудан басталады. Нәпсіні тәрбиелейтін ерекше екі құлшылық бар. Бірі ораза болса, екіншісі – түнгі намаз. Апта сайын дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстауды әдетке айналдыру – нәпсіні тәрбиелеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі.
Қазіргі заманда мүжәһаданың түрі өзгергенімен, мәні өзгерген жоқ. Кейде жайлы көлігіңнен түсіп, қоғамдық көлікке мініп, қарапайым жұрт тамақтанатын асханада ас ішіп тұрған дұрыс. Базарға барып, елмен бірге сауда жасау, үйдің қара жұмысын атқару – мұның бәрі сырттай ұсақ көрінуі мүмкін. Бірақ осындай істер нәпсіге салынған ноқта іспетті. Адам үйреншікті жайлылықтан айырылғанда нәпсісі бұлқынып, бой көрсетеді.
Қоғамдық көлікте шаршаған жұмысшыны, базарда күнкөріс қамымен жүрген ананы, асханада асығыс тамақ ішкен қарапа- йым қызметкерді көргенде жүрек өз талабын қайта өлшейді. Жайлылық бұзылғанда адам өзін таниды. Кезекте тұрғанда сабыр деңгейін көреді. Қарапайым ортаға түскенде ішкі тәкаппарлығын байқайды. Жалғыз қалғанда жүрегінің күйін көреді.
материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,
ummet.kz