«Сондай-ақ оған еш ойламаған жерден ризық нәсіп етеді...» («Ат-Талақ» 3).
Кім Аллаға арқа сүйеп, тәуекел етсе, оған (қолдаушы һәм медеткер ретінде) бір Алла жеткілікті. Алла бұйрығын міндетті түрде жүзеге асырады. Шүбәсіз, Алла әр нәрсе үшін алдын-ала белгілі бір өлшем белгілеп қойған.
Имам Нәсәфи (Алла оны рақымына бөлесін): Алла оған ойламаған, тіпті қаперіне де келмеген жақтан ризық береді. Сондай-ақ, бұл сөйлем алдыңғы аятқа орай айтылған қосымша (иститрад) мағынада да түсіндіріледі. Яғни: «Кім Алладан қорықса, Алла оған дүние мен ақыреттің қайғы-қасіреттерінен құтылатын жол береді». Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы аятты оқып, былай деген: «(Алла оған) дүниедегі күмәндардан, өлімнің ауыр сәттерінен және Қиямет күнінің қиыншылықтарынан шығатын жол береді».
Тағы бір хадисте: «Мен адамдар осы аятты ұстанса, өздеріне жеткілікті болатын бір аятты білемін», – деп,«و من يتق الله......» аятын қайта-қайта оқыған. Риуаят етіледі: мүшріктер Ауф ибн Мәликтің ұлын (Алла олардан разы болсын) тұтқынға алған. Сонда ол Пайғамбарымызға (с.ғ.с) келіп:
– Ұлым тұтқынға түсті, әрі жоқшылыққа ұшырадым, – деп шағымданды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) оған:
– «Мұхаммедтің отбасының кешкі асына бір-ақ мүд (аз ғана азық) бар. Алладан қорық, сабыр ет және: “لا حول ولا قوة إلا بالله العلي العظيم” сөзін көп айт», – деді. Ол үйіне келіп, әйеліне:
– Расында, Алла Елшісі (с.ғ.с) маған да, саған да «لَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ» сөзін көп айтуды бұйырды, – деді. Әйелі:
– Бізге қандай жақсы нәрсе бұйырылған! – деді. Екеуі осы зікірді үзбей айта бастады. Бір кезде үйінің есігін біреу қақты. Қараса, тұтқынға түскен ұлы келіпті. Оның қасында дұшпан қараусыз қалдырған жүз түйе бар екен. Ол сол түйелерді айдап алып келген еді.
Осы оқиғаға байланысты бұл аят түсті деп риуаят етілген. Кім ісін Аллаға тапсырып, өзгенің көмегіне үміт артпай, өз жоспарларына ғана сүйенбей, толықтай Аллаға тәуекел етсе, Алла оған дүние мен ақыретте толық жеткілікті болады. Хафс қырағаты бойынша мағынасы: Алла Өз әмірін міндетті түрде жүзеге асырады. Басқа қырағат бойынша мағынасы: Алла қалаған нәрсесіне міндетті түрде жеткізеді. Оның қалағаны орындалмай қалмайды әрі ешбір мақсаты жүзеге аспай қалмайды. Алла әрбір нәрсеге белгілі бір өлшем мен мерзім белгілеген.
Бұл аят Аллаға тәуекел етудің және барлық істі Оған тапсырудың міндеттілігін білдіреді. Өйткені адам ризықтың және басқа да барлық істің тек Алланың белгілеген өлшемі мен мерзімі бойынша ғана болатынын білсе, онда оған Алланың тағдырына разы болып, Оған толық тәуекел етуден басқа жол қалмайды.
материал «Сүйінші» кітабынан алынды,
ummet.kz