Ілгеріде тақуалығымен танылған бір ізгі жан өмір сүріпті. Ол отыз жыл бойы бес уақыт намазын, әсіресе таң намазын, бірінші қатарда имамның артында тұрып оқуды әдетке айналдырған екен. Отыз жыл бойы бірде-бір рет алдыңғы сапқа кешігіп келмеген.
Күндердің күнінде ол кісі бір себеппен мешітке сәл кешігіп жетеді. Келсе, бірінші қатар толып кеткен екен. Амалсыздан екінші қатарда тұрып, намазын оқиды. Алайда оның ішкі дүниесін өзі түсінбеген мазасыздық билеп, жұрт алдында қатты ұялып, қысыла бастайды.
Намаз біткен соң үйіне қайтып бара жатып, ол өз жүрегіне терең үңіліп, көңіліндегі мазасыздықтың себебін іздейді: «Мен неге соншалықты мазасыздандым? Неге адамдардан ұялып, бетім қызарды? Бұл ұяттың арғы жағында не тұр?» - деп өз нәпсісін тергейді.
Жүрек түкпірін мұқият ақтарып, ниетін тексерген сәтте, ол өзін селк еткізген сұмдық ақиқаттың бетін ашады. Отыз жыл бойы «Мен Алланың разылығы үшін бірінші қатарда тұрмын» деп ойлап келген ғибадатының астарында жасырын рия (көзбояушылық) ұялап алған екен. Оның нәпсісі жұрттың «Бұл кісі қандай керемет тақуа, отыз жылдан бері намазын тек бірінші қатарда оқиды!» деген мақтау мен қошеметінен ләззат алып, семіріп отырғанын түсінеді.
Екінші қатарда тұрып қалғанда адамдардың «Бұл кісі бүгін бірінші қатарға үлгермей қалды-ау» деген сөзінен қысылғанын аңғарады. Отыз жылғы құлшылығының бір шетінде жұрттың бағасына тәуелділік жатқанын біліп, өкінеді. Шын жүректен тәубе етіп, отыз жылғы намаздарының бәрін қайта оқып шығады. (әл-Ғазали, «Ихия улумид-дин», 3-том, 324-бет).
материал «Кемел адам - 2» кітабынан алынды,
ummet.kz