14 октября 2026, Среда 3 джумад-уль-авваль 1448 һ.
Время намаза
Фаджр 05:05
Восход 06:31
Зухр 12:05
Магриб 17:29
Иша 18:55

ҚМДБ Төрағасы Ыбырай Алтынсаринның діни-ағартушылық мұрасы туралы баяндама жасады

ҚМДБ Төрағасы Ыбырай Алтынсаринның діни-ағартушылық мұрасы туралы баяндама жасады

Қостанай облысында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына орай өткен «Дәстүрлі ислам және «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабының маңызы мен тағылымы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.


«Алла Тағала қазақ халқының көрнекті ағартушысы, ұлағатты ұстазы, ұлт руханиятының дамуына өлшеусіз үлес қосқан Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналған «Дәстүрлі ислам және «Мұсылманшылықтың тұтқасы» кітабының маңызы мен тағылымы» тақырыбында басталған республикалық ғылыми-танымдық конференциямыз берекелі басқосулардың бірі болғай.

Бұл басқосудың маңызы ерекше. Өйткені Ыбырай Алтынсариннің мұрасын зерделеу халқымыздың рухани тамырын тану, ұлттық тәрбиенің қайнар көздерін саралау және келешек ұрпаққа аманат етілген құндылықтарды жаңғырту болып саналады. Ыбырай бабамыздың ағартушылық жолы, ұстаздық қызметі мен діни-ағартушылық көзқарастары өзара сабақтасып жатқан тұтас мұра екені белгілі. Ол білім мен тәрбиені, имандылық пен адамгершілікті, ұлттық болмыс пен өркениеттік дамуды бір-бірінен бөліп қарастырған жоқ. Ендеше бүгінгі конференцияның басты міндеттерінің бірі – осы мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеп, оның қазіргі қоғам үшін маңызын айқындау.

Қазақ тарихында елдің рухани дамуына айрықша ықпал еткен ұлы тұлғалар аз емес. Солардың қатарында Ыбырай Алтынсариннің орны ерекше. Ол қазақ даласында білім беру ісін дамытуға, мектептер ашуға, балаларды оқуға шақыруға және халықтың сауатын арттыруға бар күш-жігерін жұмсады. Ұстаздық қызметін тек білім үйретумен шектемей, жас ұрпақты еңбекқорлыққа, адалдыққа, мейірімділікке және жауапкершілікке тәрбиелеуге ұмтылды.

Ислам діні де білімге ерекше мән береді. Алла Тағаланың адамзатқа түсірген алғашқы аяты «Оқы!» деген бұйрықпен басталуының өзі білімнің исламдағы орнын аңғартады. Қасиетті Құран Кәрімде:

«Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» – деп баяндалады («Алақ» сүресі, 1-аят). Бұл аят мұсылман баласын жаратылыстың сырын тануға, білім іздеуге және танымын кеңейтуге үндейді. Ал Ыбырай атамыз бір Аллаға сыйынып, ықыласпен оқып-тоқуға шақырады. Бұл өлең жолдары халқымыздың жадында жатталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл жай ғана оқуға шақыру емес, білімді өмірлік құндылық ретінде қабылдауға үндейтін өсиет.

Осы ретте Ыбырай Алтынсариннің рухани мұрасындағы айрықша назар аударатын еңбектің бірі – «Мұсылманшылықтың тұтқасы». Бұл еңбек 19-шы ғасырдағы қазақ қоғамының діни-ағартушылық қажеттілігімен тығыз байланысты. Сол кезеңде халыққа Ислам дінінің негізгі қағидаларын ана тілінде түсіндіру, мұсылмандық міндеттерді таныту және діни білімді жүйелеу маңызды мәселелердің бірі болды. Ыбырай бабамыз осы қажеттілікті терең түсінді. Ол діни ұғымдарды халыққа түсінікті тілмен жеткізуге ұмтылып, қазақ тіліндегі діни-ағартушылық әдебиеттің дамуына үлес қосты»,- деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сондай-ақ ағартушы мұрасындағы имандылық, адамгершілік, білім мен тәрбие құндылықтарының өзара сабақтастығына назар аударылды. Бұл мұраның бүгінгі ұрпаққа рухани тәрбие берудегі және ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі маңызы айтылды.