16 Қазан 2026, Жұма 5 Джумада әл-әууәл 1448 һ.
Намаз уақыты
Күн 06:34
Бесін 12:05
Екінті 15:34
Шам 17:25
Құптан 18:51

«Әл-Фараби»: «Адасушылықтан ақиқатты қалай ажыратамыз?» тақырыбында насихат айтты (фото)

«Әл-Фараби»: «Адасушылықтан ақиқатты қалай ажыратамыз?» тақырыбында насихат айтты (фото)

«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылып, көпшілікке арналған насихат кеші өтті.    Бұл жолы «Әбу Насыр әл-Фараби» мешіті «Жастар ісі» секторының ұйымдастыруымен өткізілген шараға арнайы келген «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Қыстаубаев Мұратбек жамағатқа «Адасушылықтан ақиқатты қалай ажыратамыз?» тақырыбында әсерлі насихат айтты. 


Насихат барысында «Хидаят – Алланың бұйырған тура жолына түсу, иман етіп, ізгі амал істеу. Ал, далалат – хақ жолдан бас тартып, адасушылыққа бой алдыру деген ұғымды білдіреді. Кейбір мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала пенденің қалауынан тыс не хидаят нәсіп етеді, не далалатқа салады. Бұл әрине, қате пікір. Мәселен, Алла сізді еріксіз далалатқа (адасушылыққа) түсірді делік. Адасушылықпен ғұмыр кешкендіктен сіз, әлбетте, тозаққа лайықсыз.

Енді сіз тозақтық болардың алдында: «Я, Алла! Мені мына дүниеге жібердің де, ешқандай ерік берместен адасушылардың санатына тастадың. Енді мені неге жазаламақсың? Менің нендей күнәм бар? Өзің адастырып, Өзің жазаламақсың. Бұл Сенің әділдігіңе жатпайды ғой», - деп, сөзсіз уәж айтпайсыз ба?! Сондықтан Алла ешкімді зорлап хидаятқа, не далалатқа түсірмейді. Алла құлдарына жәбір көрсетуден пәк. Себебі, Оның мейірімі де, рахымы да шексіз! Пенде тура жолға түспек болып ниет етсе, барлық ықыласымен Алладан тілесе, шүбәсіз оған хидаят нәсіп болады. Егер адасушылардың жолын таңдап, хақ жолды қабыл еткісі келмей бұра тартса, онда оған Алла далалаттың жолын ашады. 

Хидаят пен далалат пенденің ниетіне қарай болатын жағдайлар екені Құранда да анық баян етілген: «Енді кім тура жолда болса, өзі үшін тура жолда болады. Ал енді біреу адасса, өз зиянына ғана адасады. Мен сендерге кепіл емеспін деп айт» («Юнус» сүресі, 108). «Алла құлдарына зұлымдық жасамайды» («Ғафыр» сүресі, 31)» деді наиб имам.

Насихат соңында қоғамның береке-бірлікте болуы үшін әрқайсымыз аянбай тер төгуіміз керек екенін айтып, еліміздің тыныштығы мен халқымыздың амандығы үшін дұға жасады.

300030012000120001220001232001

 

ummet.kz