Нұр-Сұлтан мешітінде өткен «Қазақ хандығы дәуіріндегі Ислам өркениеті» республикалық ғылыми-танымдық конференциясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазірет баяндама жасады.
Бас мүфти өз сөзінде қазақ халқының рухани тарихы Алтын Орда дәуірімен тығыз байланысты екенін атап өтіп, сол кезеңде қалыптасқан діни-рухани мұраның кейін Қазақ хандығы дәуірінде жалғасын тапқанын айтты.
«Бүгінгі қазақ руханиятының негіздері сол тұста қаланды. Фиқһ ілімінде Имам Ағзам Әбу Ханифа, діни сенім мектебінде Имам Матуриди, ал ихсан ілімінде Ахмет Ясауи ілімдері Алтын Орданың негізгі рухани кеңістігін қалыптастырды», – деді Бас мүфти.
ҚМДБ төрағасының айтуынша, қазақ халқы Жошы ұлысынан өз еншісін алған кезде руханияттағы «ханафи-матуриди-ясауи» үштағанын бірге алып келді. Кейін исламдық көзқарас пен түркілік дүниетаным Қазақ хандығында өзара сабақтасып, дін мен дәстүрдің үйлесімі нығая түсті.
Бас мүфти сондай-ақ қазақ қоғамындағы діни және ұлттық құндылықтардың тұтастануына би-шешендер институты, ақын-жыраулар және халықтың ауыз әдебиеті елеулі үлес қосқанын атап өтті. Соның нәтижесінде дала болмысына негізделген дәстүрлі діни дүниетаным қалыптасқанын жеткізді. Сондай-ақ, бабалардан қалған осы рухани мұраны қазіргі исламтану және дінтану ғылымы тұрғысынан зерттеп, зерделеудің маңыздылығына тоқталды.






