Хасан әл-Басри (Алла оны мейіріміне бөлесін) тәуекел жайлы сұралғанда: «Тәуекел – Аллаға разы болу»,⁸⁶ – деп жауап берді.
Имам Ахмад (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Тәуекел – адамдардан бірнәрсе дәметуді тәрк етуі»,⁸⁷ – деді.
Абдулла ибн Дәуд (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Тәуекел – Алла туралы жақсы ойлау деп білемін»,⁸⁸ – деді.
Сүлеймен әл-Хаууастың (Алла оны мейіріміне бөлесін) мынадай бір керемет сөзі бар: «Егер де адам баласы шын ниетпен Аллаға тәуекел етсе, оған әлем басшылары да, олардан төмені де мұқтаж болмақ».
Әбу Сулейман әд-Дарани (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Кім зуһдтың (тақуалықпен дүниені тәрк ету) шыңына жетсе, оның түбі тәуекелге жетеді»,⁸⁹ – деді.
Шақиқ әл-Бәлхи (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Егер кісіні танығың келсе, онда ол Алланың оған берген уәдесіне көбірек сене ме, әлде адамдардың оған берген уәдесіне көбірек сене ме? Осыған мән бер»⁹⁰, – деді.
Мағруф әл-Кәрхи (Алла оны мейіріміне бөлесін): «Ең жақының – «Аллаға тәуекел» болсын! Ең сырласың – «өлімді еске алу» болсын! Біліп қой! Әрбір қиындықтан шығу жолы – оны жасыру. Алла қаламаса, адамдар саған ештеңе бере алмайды, пайда да, зиян да беру олардың қауқарында емес»,⁹¹ – деді.
Бір кісі Уәһб ибн Мунаббиһке келіп:
– Маған пайдалы болатын бір сөз үйретіңізші, – деді. Сонда ол:
– Өлімді көп еске ал, бос үмітті доғар. Одан бөлек тағы бір маңызды қасиет бар. Егер соған жетсең, ең ұлы мәртебеге ие болып, жеңіске жетесің. Расында ол – Аллаға тәуекел, – деді⁹².
Бірде бір кісі Ибраһим ибн Әдһәмға (Алла оны мейіріміне бөлесін) өзінің қарамағындағы қарайласатын адамдардың көптігін айтып шағымданады. Сонда ол: «Олардың арасында ризығы Алладан келмейтін адамдарды маған жібере бер», – деп жауап берді. Сонда әлгі кісі қатесін түсініп, үнсіз қалды⁹³.
Уәйс әл-Қарни:
– Аллаға жер мен аспандағылардың құлшылығы секілді құлшылық қылсаң да Оған лайықты түрде сенбесең, сенің бұл құлшылығың қабыл етілмейді, – деді.
Жанындағы адамдар оған:
– Оған қалай лайық сенеміз? – деп сұрақ қойды. Сонда ол:
– Саған кепіл еткен ризығына шын жүректен сенім білдіріп, өзіңді құлшылыққа шынайы арнауың, – деп жауап берген.
⸻
⁸⁶ Жоғарыдағы дереккөз.
⁸⁷ «Табсира», Ибн әл-Жәузи.
⁸⁸ «Әт-тәуәккул», Ибн Әби әд-Дуния.
⁸⁹ Жоғарыдағы дереккөз.
⁹⁰ «Тәрих әд-Димашқ».
⁹¹ «Бәһжәт әл-мәжәлис».
⁹² «Әт-тәуәккул», Ибн Әби әд-Дуния.
⁹³ «Әл-бидая уән ниһая».
материал «Саф жүрек» кітабынан алынды,
ummet.kz